Сауран ауданы: Өз брендін қалыптастырған наубайхана

Oinet.kz 07-08-2026

Ескі Иқан ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз наубайханасын ашып, ауыл тұрғындарын балауса нан өнімдерімен қамтып отырған жеке кәсіпкердің бірі – Махина Муслимова. Оның бұл кәсіпті дөңгелетіп келе жатқанына биыл 3 жыл толды. Ол 2023 жылы «Ауыл аманаты» қанат қақты жобасының 6-шы бағыты арқылы 7 миллион теңге алып, наубайхана жұмысын бастаған еді.

Махина Муслимова ауласында бір бөлмесін жабдықтап, сұранысқа сәйкес, күніне 1600 бөлке нан пісіреді. Оның қолынан шыққан нан өнімдері ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие. Кәсіпкердің өнімдері ауылдың азық-түлік дүкендерінде қолжетімді.

– Айналысатын негізгі кәсібім туралы айтатын болсам, мен бұл істі үш жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде бастадым. Мұның алдында үйде ауылдастардан шағын тапсырыс алып, торт, тәтті нан, тағы басқа нан өнімдеріне тапсырыс алып пісіретінмін. 2023 жылы ауылдық округтің әкімшілігінен «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын кәсіпкерлікті дамытуға пайыздық мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несие беріледі дегенді естіп, жобаға қатысуға ұсыныс беріп, нәтижесінде, қаржы ұйымдары арқылы 7 миллион теңге несие қаражатына қол жеткіздім. Оған жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, үйде нан өнімдерін пісіріп, оны дүкендерге тұрақты өткізу үстіндемін. Жалпы табыс жаман емес. Ауыл тұрғындарынан сұраныс көп. Алдағы уақытта жұбайым екеуміз шағын кәсіпті кеңейтуді жоспарлап жүрміз, – дейді кәсіпкер.

Махина Муслимованың жұбайы Альберт Муслимовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік береді екен.

– Еліміз үшін нан пісіру және кондитерлік тамақ өнеркәсібі маңызды салаларының бірі. Оның даму деңгейі халықтың өміріне әсер етеді және мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіні нығайтады. Сондықтан да осыдан үш жыл бұрын осы кәсіпті бастау үшін несие алып, кәсібімізді бастадық. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, қаржы алып, құрал-жабдықтарымды жаңартып, өнім  қуаттылығын бүгінде екі есеге артырып отырмыз. Қазіргі таңда отбасымызбен нан жауып, халыққа қызмет жасап келеміз, – дейді ол.

Жалпы наубайханада күніне 1600 бөлке нан шығарып, дүкендерге өткізеді. Қазіргі таңда өзінің шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Аталған цехта жергілікті 10 тұрғын жұмыс істеп жүр. Тәтті нандарды пісіруге ең қажет шикізаттың бірі – сүт болғандықтан, кәсіп иесі оны ауыл ішіндегі сүтті бағытпен айналысатын отбасылардан сатып алады. Кондитер иесі енді цехты кеңейтіп, жұмысшы санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Сауран ауданы: Баптай білсең балық та – байлық
Сауран ауданы: Нигораның кәсібі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу