«Хызыр» мұнарасы – тарих мұрасы

Oinet.kz 15-09-2025 38

Республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері»  жобасына  Шымкент қаласынан жеті нысан енген. Соның бірі – «Хызыр» мұнарасы. Ислам мәдениетінен сыр шертетін нысан Сайрам тұрғын алабында орналасқан. 

Screenshot_24.jpg

Тарихи нысан Сайрам өңірі ислам дінін қабылдаған соң, қала ортасынан үлкен мұнара мен мешіт тұрғызып, оны Пайғамбар құрметіне «Қызыр» мұнарасы деп атаған. Көзі ашық, көңілі ояу дін иелері Қызырды көзі тірі пайғамбарлардың бірі деп есептеген. Оның Хызыр аталу себебі, ол отырған жердің түсі әп-сәтте жасылға айналады екен. Жасыл түс пен жер дүниенің көктеп, гүлдеуін араб тілінде «хезра» деген.

Қызыр – ислам дініндегі пайғамбарлардың бірі. Кей халықтарда ол теңізге сапар шегушілердің қамқоршысы деп есептелсе, сондай-ақ өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір деп те есептеледі.

Көне сәулет ескерткіші болып саналатын мұнара күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Соғылған кездегі биіктігі 10,5 метр болғанымен, кейін жер сілкінісі мен табиғи құбылыстардың салдарынан біраз мүжілген. Қызыр пайғамбар мешіті, Сайрамның киелі орны, шағын тарихи-мәдени кешені болған. 1920 жылдары мешіттен тек жер астындағы бөлме мен жартылай қиратылған мұнара қалған. Археологтар бұл орынға жүргізген зерттеулер барысында өткен уақыттың қалдықтары мен бұрынғы ұлылығын көрсететін іздерді тапты. Мешіт қатты бұзылғанына қарамастан, есігі шығысқа қарайтын тікбұрышты ауласы болғаны анықталды.

Қазіргі таңда бұл жер қаланың діни әрі зиярат орталығы. Мұнараның шығыс жағында тұрғын үй, ал солтүстік және батыс жағында мектеп орналасқан. Қазіргі уақытта қалған мұнараның биіктігі шамамен 5 метрді құрайды, диаметрі 2,5 метр. Мұнараның жоғарғы бөлігі өрнектеліп қаланған кірпіштер мен жан-жаққа қаратылып салынған аркалы ойықтардан тұрады. Жоғары шығатын баспалдақ ағаш тіреулер мен ортасындағы кірпіш тірекке бекітілген.

Аңыз бойынша мешіт құрылысының жерастында Қызыр пайғамбар жалғыз өзі 60 жыл жасырынып, ораза тұтып, дұға оқыған. Осыған байланысты ол сопы-дәруіштерінің жебеушісі есептелген. Сайрамның бүркеме тарихынан көрініс алған («Рисаля», «Сайрам-шахри», «Сайрам туралы трактат») Сайрамның аңыздары мен хикаяларында көпшілік қабылдаған мифологиялық негізден жергілікті айырмашылығы бар. 

Мешеттің бастапқы ғимараты туралы нақты деректер жоқ. 2004 және 2007 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулер мешіттің өмір сүруінің соңғы кезеңінде XVIII-XIX ғасырлар ортасында намаз оқу залынан (қыстағы мешіт) басқа ашық аула, айван, құжыра (зиярат етушілерге арналған), шілдехана жер асты құрылысы, дахма түріндегі екі сатылы қабір үсті құрылысы және тағы басқа бар мешіт-ханака түрінде көп қызметті культтік ғимарат болғанын көрсетеді.

Мұнара – кешеннің ең биік зәулімі. Ол мешіттің оңтүстік-шығыс бұрышынан 3 метр қашықтықта орналасқан. 1948 жылы жер сілкінісі нәтижесінде мұнара ішінара қирайды (шам бөлігі бұзылады). Дегенмен, 1920-1940 жылдардағы фотосуреттері бойынша қалпына келтіріледі. Жеке тұрған цилиндрлі мұнара (іргесінің диаметрі – 2,96 м, биіктігі – шамамен 10 м) балшықтың көмегімен қыш кірпіштен тұрғызылған. Діңі негізінен шамына дейін болмашы ғана тарылады. Шам (1990 жылдардың басында қалпына келтіріледі) сегіз биік жартылай дөңгеленген терезе-аркадан құралып, үсті сфералы күмбезбен жабылған ротондаға ұқсас. Діңінен ол дандана (кірпіштер қатары бұрышымен қойылған) белбеуі арқылы бөлінеді. Ішінен жоғары қарай биік кірпішті басқыштардан тұратын айналма баспалдақ арқылы көтеріледі. Ағаш маңдайшалы тікбұрышты есік шығыс жағында орналасқан. 

Мәртөбе тарихы тереңде
Ислам діні алғаш қазақ жеріне Испиджаб арқылы тараған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу