Сайрам өңірінің тарихы аңыз-әпсаналармен астасып жатыр
Араб тілінде Әл-Хидр, Әл-Хизр яғни, жасыл адам деген атқа ие Қыдыр ата немесе Қызыр баба исі қазаққа бөтен емес.
Қонақжай халқымыздың құт қонып, бақ дарыған деп жиі айтуы да содан болар, бәлкім. Әйтеуір, біздің жұрт жақсы мен жайсаңды кездестіріп қалса, яки шұрайлы өлкеге табаны тигенде «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деп жатады. Осы ретте, бүкіл түркі халықтарына ықылым заманнан таныс Қыдыр атаны мифтік бейне деп кесіп айту қиын. Өйткені, ол жөнінде ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыз-әңгімелерге толы әпсаналар жетерлік.
Жалпы, бес күндік мына жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ. Бұл өмірде уақыты келгенде тау-тас та мүжіледі, өзен-көлдер де тартылады. Тіпті, өсімдіктер де сарғаяды. Адам өмірі де солай. Бірақ, өлмейтін, өшпейтін бір нәрсе бар. Ол – қағазға түскен тарих. Тарлан тарихты туған халқымыздың жады іспеттес мол қазына деп қабылдайтынымыз да сондықтан. Өткенімізді білсек деген ізденіспен мұрағаттарға барып, сарғайған газет тігінділерін ақтарудағы ниет те – тарихты білуге деген құштарлық.
«Мен ел қыдырып жүретін құдыретпін. Ал жерде іздейтін адамдарды мен тек осында қабылдаймын». Шымкент қаласының аумағына кіретін, сансыз баптардың мекені саналатын Сайрам ауылындағы Қожа Салық кесенесінің кіре берісінде осындай жазу бар. Өңір тұрғындардың айтуынша, бұл сөз Сайрамның тарихы туралы жазылған көне кітаптардан алынған. Аңыз бойынша Қыдыр ата Сайрамда дүниеге келген. Қожа Салық оның әкесі. Ол әр жұма күні таң ата Сайрамдағы ата-анасының кесенесіне зиярат ететін көрінеді.
Яғни, Қыдыр атаның іздесеңіз, Сайрамға келіңіз.
Қыдыр ата туралы ел аузында таралған сөздер, оған қатысты таным-түсініктер көп. Қыдыр немесе Қызыр ата Ұлыстың Ұлы күнінде ел аралап, адамдарға құт-береке сыйлайды, бата береді. Бұл күні Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Қазақта «Қырықтың бірі Қыдыр», «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарығын» деген сөздер бар. Адамға Қызыр ата өмірінде кем дегенде үш рет көрінеді екен. Ол алғашқыда жиырма жеті жастағы жігіт, екіншісінде қырық жеті жастағы жігіт ағасы, ал үшіншісінде алпыс жеті жастағы қария кейпінде жолығады-мыс. Оның «Қызыр» аталу себебі – ол отырған жердің түсі әп-сәтте жасылға айналады екен. Жасыл түс пен жер дүниенің көктеп, гүлдеуін араб тілінде «хезра» деген.
Қыдыр атаға қатысты әдеп-ғұрыптар түркі халықтарында ықылым замандардан бері кездеседі. Мәселен гагауз халқында Хыдырлез деп аталатын мереке бар. Бұл мереке бидайға алғаш рет масақ байлаған кезде атап өтіледі және ол мамыр айының алғашқы жұмасына сәйкес келеді. Бұл кезеңді «тепреч» деп атайды. Хыдырлез түнін гагауздар ән айтып, түрлі жарыстармен, мол дастарқанмен қарсы алады. Хыдырлез сөзінің ұғымын ғалымдар Қыдыр мен Ильяс пайғамбарлардың атымен байланыстырады.
Қасиетті Құранның «Кәһф» сүресінде Қыдыр ата туралы жазылған. Онда Қыдырдың Мұса пайғамбармен кездескені, Алла тағаланың оны Мұса пайғамбарға тағылым үйрету үшін арнайы жібергені баяндалады. Ал Сайрамда Қыдыр атаға қатысты бір емес үш бірдей нысан аталады. Оның біріншісі, Қызыр мұнарасы. Шымкент қалалық әкімдігінің мәліметінше, бұл нысан «Қазақстанның киелі жерлерінің» картасына республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде енген. Ерте замандарда осы мұнараның қасында Қызыр мешіті болған. Бүгінде оның тек қалдықтары ғана сақталған.
Бүгінде Шымкент қаласына қарайтын Сайрам елді мекенінде Қожа Салық кесенесі бар. Аңыз бойынша ол Қыдыр атаның әкесі деп есептеледі.
Бұл нысан бүгінгі Сайрамның орталығына жақын жерде, Мәртөбеге баратын жолдың бойында жатыр. Қожа Салық кесенесі Сайрамдағы көне ғимараттардың бірі болып есептеледі. Өңір тұрғындардың айтуынша, әулиенің басына алғашқы ғимаратты Сұлтан Мансұр тұрғызған. Кірпіштен салынған, нысанның ішінде жоғары көтерілетін баспалдағы бар. Кесене төрт қырлы. Алғашқы кесене 6-ыншы, енді бір деректерде 11 ғасырда салынса керек. Бірақ тарихшылар қазіргі ғимарат 19 ғасырда ортасында тұрғызылған дейді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сексеніші жылдары ол мемлекет қорғауына алынған. Тоқсаныншы жылдары кесенеге қалпына келтіру жұмыстары қайта жүргізілген. Соңғы жылдары әулиеге Ергеш деген ақсақал шырақшылық етті. Ол қайтыс болғаннан кейін бұл қызметті оның кемпірі Хабиба апа жалғастырды. Хабиба апа 2020 жылы о дүниелік болған. Содан бергі аралықта кесенені күтіп ұстау жұмыстарымен оның ұлы Толқын айналысады.
Толқын Исрайыловтың айтуынша, кесенеге 2010 жылы экс-сенатор Өмірбек Байгелді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Кесененің ауласы кеңейтіліп, ғимараттың сырты шығыстың ою-өрнектерімен әрленген. «Күрделі жөндеу жұмыстарын Өзбекстаннан әкелінген ұсталар жүргізді. Оған ғылым кандидаты атағы бар азамат жетекшілік жасады», - дейді Т.Исрайылов.
Соңғы жылдары кесенеге келіп зиярат ететін азаматтардың қатары күрт сиреген. Неге? Шамасы бұған «әулиеге зиярат ету, әулиеден сұрау ширк» деген түсініктер әсер ететін сияқты. Жалпы Сайрам өңірінің тарихы аңыз-әпсаналармен астасып жатыр. Жергілікті халықтың қолында сақталып қалған шежірелерде Сайрамның негізін Ыдырыс пайғамбардың қалағаны жазылған. Халық арасындағы түсінік бойынша Мұса пайғамбардың замандасы Юша пайғамбардың моласы Сайрамға жақын жерде жатыр. Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұрт тауы да осы арадан алыс емес. Бірақ бүгінгі ұрпақ ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан осындай аңыз-әңгімелерге, Қыдыр атадан даритын құт-берекеге, қасиетке сене ме?