Қуыршақ театры балалардың жүрегіне ұлттық ертегілер арқылы жол табуда

Oinet.kz 12-09-2025 35

Шымкент қалалық қуыршақ театры бүлдіршіндердің асыға күткен 43-ші жаңа маусымын салтанатты түрде ашты. Театр ұжымы бұл жолы да жыл сайынғы дәстүрін жалғастырып, кішкентай көрермендерді қуаныш пен қызыққа толы думанды мерекемен қарсы алды.

Screenshot_21.jpg

Театр директоры Сардарбек Молдабековтың айтуынша, өнер ордасы бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақты өнер арқылы ізгілікке тәрбиелеуде айрықша еңбек етіп келеді. Қазір театр қорында 500-ден астам қуыршақ және 50-ге жуық қойылым бар екен. Өткен 42-ші маусымда ұжым барлық шығармашылық міндеттерін жоғары деңгейде орындап, төрт жаңа қойылымды сахналаған. Соның екеуі қазақ тілінде, екеуі орыс тілінде көрерменге жол тартыпты. Сонымен қатар, театр ұжымы шілде айында Астана қаласында өткен IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысып, әлемнің Англия, Испания, Италия, Беларусь, Тайланд, Қытай, Австрия, Грузия сынды елдерінен келген үздік өнер ұжымдарының арасынан дараланып шыққан. Шымкенттік әртістер «Қожа мен спорт» қойылымымен өнер көрсетіп, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алыпты. Сондай-ақ Астана қаласы Мәдениет басқармасының арнайы дипломымен марапатталған. Бұл жетістік ұжымның ғана емес, бүкіл қала мәдениетінің зор үлесі. 

– Біздің басты мақсатымыз – балалардың жүрегіне өнер арқылы ізгілік ұялатуға негізделген. Ал халықаралық деңгейде үздік ансамбль атану бүкіл ұжымның еңбегінің жемісі деп білемін. Алдағы уақытта да жаңа қойылымдарымыз арқылы жас көрермендерді қуанта береміз», – дейді театр директоры Сардарбек Молдабеков.

Бұл жолғы қойылым Виктор Орловтың «Мейірбан қасқыр» атты ертегісі. Әдетте халық жырларында жауыз, қатал, айлакер ретінде көрінетін қасқыр бұл жолы мүлде басқаша қырынан көрсетілді. Автор оның бойына мейірімділік пен қамқорлықты дарытып, балаларға өзгеше ой салуды мақсат еткен. Қойылым барысында сахнада қу түлкінің қулығы мен алтын жұмыртқалайтын тауықтың тағдыры өрбиді. Түлкі айласын асырып, әлсізді қолға түсіруге тырысады. Осы кезде мейірімді қасқыр сахнаға шығып, әділеттің туын көтереді. Қасқырдың әкелік махаббаты оянып, түлкінің арам ойын жүзеге асыртпайды. Бұл сәт жақсылық пен жамандықтың күресін айқын көрсеткен көрініс болды.

Қуыршақ кейіпкерлерінің шынайы қимылы мен әсерлі үніне балалар сүйсіне қол соқты. Әсіресе қасқырдың қамқор бейнесі бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды. Бүгінгі қойылымдағы автордың жеткізгісі келген басты ойы сол, өмірде жақсылық түбі жеңіске жететіні, ал қулық пен арамдықтың баянсыз болатыны баяндалады. Қойылымның тәрбиелік мәнін театрдың көркемдік жетекшісі Мақпал Малдыбаева  кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, «Мейірімді қасқыр» балаларға ата-ананы құрметтеуді, өтірік айтпауға, шыншыл болуға үйретеді. Сонымен қатар, достыққа адал болу, табиғатты қорғау, мейірімділік пен адамгершілікке баулу – қойылымның басты мақсаты. Бала сахнадан көргенін жүрегіне түйіп, болашақта соны өмірде қолданары сөзсіз. 

Театрдың алдағы жоспары да айқын. Жаңа маусымда театр ұжымы бірқатар маңызды міндетті жүзеге асырмақ. Соның ішінде, қазақ халық ертегілеріне негізделген жаңа қойылымдарды сахналау, облыстық және республикалық деңгейде гастрольдік сапарларды кеңейту, балалар мен жасөспірімдерге арналған тәрбиелік бағдарламаларды дамыту мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени іс-шараларды жүйелі өткізуге ден қойып отыр.

Акция аясында сенбілік өтті
Сайрам өңірінің тарихы аңыз-әпсаналармен астасып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу