Акция аясында сенбілік өтті
Кешегі күні Шымкент қаласында тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен түрлі мекеме қызметкерлері белсенділік танытып, көшелерді, саябақтар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты.
Іс-шараға ішкі саясат басқармасының мамандары да атсалысып, өз үлестерін қосты. Олар тазалық жұмыстарымен қатар, табиғатты қорғаудың маңыздылығына назар аударуға шақырды. Жалпы акцияның мақсаты – азаматтардың бойында экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштікті, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамның қатысуын арттыру.
«Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» бастамасы жүйелі тәсіл, саяси ерік-жігер мен азаматтардың белсенді қатысуы нақты нәтиже бере алатынын көрсететті. Ел тұрақты экологиялық даму бағытында айқындады, бұл бастама әрбір тұрғынның қоршаған орта үшін жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру үшін берік негіз жасайды. Экологиялық қозғалысқа кез келген адам қосыла алады: сенбіліктерге қатысу, қоқыстарды сұрыптау, ағаш отырғызу, балаларды экологиялық әдеттерге үйрету – мұның бәрі Қазақстанның таза, қауіпсіз және жасыл болашағына қосқан үлесі» дейді ішкі саясат өкілі.
Сондай-ақ Шымкент қаласында Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен жалпы аудандық сенбілік өтті. Сенбілікке аудан тұрғындарымен қатар бірқатар басқарма қызметкерлері мен әскерилер жұмыла қатысып, игі іске үлес қосты.
Күздің келуімен бірге қала көшелерінде сарғайған жапырақтар төгіліп, қоқыс көлемі артып, айнала тазалығы да ерекше күтімді қажет ететін шақтағы іске 15 техника жұмылдырылып, 10 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы аудан аумағында 449 қызметкер мен 35 техника жұмыс істеп, нәтижесінде 20 тоннадан астам қоқыс тазартылды. Сенбілік барысында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөптер орылды. Жолдар мен аяқжолдар жуылып, аумақтың санитарлық тазалығы барынша назарға алынды.
Тұрғын үй басқармасы, Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, Білім басқармасы, Дін істері басқармасы қызметкерлері және 35748 әскери бөлімінің сарбаздары белсене қатысып, қала тазалығына үлес қосқандарына дән риза.
– Қаланы таза ұстау – бәріміздің ортақ парызымыз. Сенбілік тек бір күндік шара емес, ол – қоғамды тазалық пен тәртіпке, табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақыратын игі дәстүр. Әр тұрғын өз ауласынан бастаса, қаламыз көркейе түседі, – дейді аудан тұрғыны Айгүл Мейірбекова.
Сенбілікке қатысқан әрбір жанның еңбегі қаланың тазалығын сақтап, көркін ашуға үлес қосты. Осындай ортақ істің арқасында қаламыз бұрынғыдан да жайқалған, жайлы шаһарға айнала түсуде.