Ырым-тиымдар – қазақ халқының рухани таным байлығы

Oinet.kz 11-09-2025 44

Қазақ халқының ырымдары мен тыйымдары – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Олар қазақтардың өмір сүру салты мен дүниетанымының негізінде қалыптасқан құндылықтар жүйесін бейнелейді.

Screenshot_19.jpg

Ырымдар мен тыйымдар халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен даналығын көрсетеді. Бүгінгі күні де бұл дәстүрлер өз маңызын жоғалтпай, ұрпақтар сабақтастығының кепілі болып есептеледі. Осы құндылықтарды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – қазақ халқының рухани байлығы мен мәдениетін қорғаудың маңызды жолы.

Шымкент қалалық «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының қызметкері А.Орынбекованың айтуынша, қазақ халқының рухани-мәдени мұрасында ырым мен тыйымдар ерекше орын алады. Ырым-тыйымдар – бір ғана сөз немесе тыйым емес, бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің, қоғамдық тәртіптің көрінісі. Жалпы наным-ырымшылдыққа негізделген аңыз, оған сенуге де, сенбеуге де болады, алайда бұл – тәжірибеден және дәстүрден туған халық өмірінің мысалы. Ырым дегеніміз өз алдына бір жақсылықтың немесе жаманшылықтың хабаршысы, адамды сақтандыратын белгі.

Сонымен қатар, қазақтарда нені істеуге болмайтыны туралы «тыйым» ұғымымен байланыстағы «ырымдар» да бар. Сонымен қатар, біздің заманымызға дейін жеткен ырым-нанымдардың көпшілігі пұтқа табынушылықтың (тәңіршілдік, шамандық, сопылық, т. б.) іздері де бар. 

Қазақтың ырым-тыйымдарының шығу төркіні сонау түркі дәуірінен бастау алады. Ол замандарда адам баласы табиғат құбылыстарын, өмірдің тылсым сырларын түсіндіріп беретін нақты ғылым болмағандықтан халық өмірлік тәжірибеге сүйеніп, әр іс-әрекетті ырыммен байланыстырған. Жаманнан сақтандырып, жақсылыққа жетелейтін бұл ұстанымдар әлеуметтік тәртіп пен отбасылық мәдениеттің іргетасы болды.

Мысалы, «түнде тырнақ алма», «үйге жүгірме», «есікке керілме», «бас киімді жерге тастама» деген сияқты тыйымдардың артында үлкен мағына бар. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл тыйымдар халықты тәртіпке, ұқыптылыққа, ізгілікке баулыған.

Қазақ халқы ырым арқылы жақсылық тілеу, болашаққа сенім арту және жамандықтан сақтану әрекеттерін жасаған. Ал тыйым – адамдарға қоғамның моральдық, этикалық және әлеуметтік нормаларын бұзбауға, өмірдегі кейбір теріс қылықтардан сақтануға бағытталған қағидалар. Тыйымдар қоғамдағы тәртіпті сақтау, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті қорғау және жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалады.

Қазақ халқы адамның дүниеге келуінен бастап, өмірден өткенге дейінгі барлық маңызды кезеңдерін ырымдар арқылы ерекше атап өткен. Бұл ырымдар адамның әрбір өмір кезеңінің маңыздылығын түсіндіріп, оны рухани және моральдық тұрғыдан қолдау мақсатында қалыптасқан.

Қазақ халқының ырымдары оның рухани дүниесінің ажырамас бөлігі болған. Көне дәуірлерде көшпенділер табиғатпен тығыз байланыста өмір сүріп, айналадағы құбылыстарды түсінуге, түсіндіріп беруге тырысты. Осылайша, табиғаттағы әрбір құбылысқа мән беріп, ырым арқылы түрлі нанымдар мен сенімдер қалыптасқан. Ырымдар табиғаттың киесін түсінуден туған. Адамдар күн күркірегенде, жел соққанда, жаңбыр жауғанда қорқыныш пен таңданыс сезініп, оны белгі ретінде қабылдаған.

Бұған қоса, ырымдар қазақтардың діни сенімдерімен де тығыз байланысты. Ислам дінімен қатар, халықтың ескі нанымдары да сақталған. Бұл халықтың ырымдары мен дәстүрлеріне еніп, күнделікті өмірде қолданыс тапты.

Патриоттық тәрбие – қоршаған ортаға деген құрметтен басталады
Акция аясында сенбілік өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу