Патриоттық тәрбие – қоршаған ортаға деген құрметтен басталады
Патриоттық тәрбиенің мақсаты – жас ұрпақтың жақсы қасиеттерін қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін жұмсауға қалыптастыру болып табылады.
Елімізде Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Шымкент қаласының жастары белсене қатысып, өздерін нағыз отанның патриоттары ретінде көрсетуде.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, кешегі күні қалада «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «ЭКО Шина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шина өңдеу кәсіпорнында шаһар жастары мен еріктілерге арналған арнайы эко-экскурсия ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған бастамаға қалалық Жастар ресурстық орталығы, «ASAA» волонтерлік ұйымы және «ЮНИСЕФ» еріктілер қозғалысы ұйытқы болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы өтуде. Бұл бастаманың мақсаты – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен қатар азаматтардың экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштік, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамның қатысуын арттыру. Сондай-ақ елімізде жүріп жатқан экологиялық акция барған сайын қоғам өмірінің саналы бөлігіне айналып келеді. Аулаларын, көшелерін, саябақтарын таза ұстап, ағаш отырғызуға, сенбіліктерге және қоршаған орта мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шараларға белсене қатысатын қазақстандықтар көбейіп келеді. Бастама іске қосылғалы бері елімізде 10,4 миллионнан астам адам экологиялық акцияға қатысыпты. Мұнда Шымкент қаласының да қосқан үлесі аз емес.
Ал Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты – жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, қалдықтарды қайта өңдеу үдерісімен таныстыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті қалыптастыру. Экскурсия барысында қатысушылар шина қалдықтарын қайта өңдеу процесімен, резеңке үгінділерінің өндірісімен жақыннан танысты. Зауыт мамандары пайдаланылған шиналарды қайта өңдеудің экологияға пайдасы жайлы да жан-жақты түсіндіріп берді.
Іс-шара еріктілерге тың тәжірибе беріп қана қоймай, экологиялық жобаларға қатысуға деген ынтасын арттырды. Мұндай экскурсиялар жастардың табиғатты қорғау мен тұрақты дамуға бағытталған бастамаларға белсенді араласуына жол ашады. Іс-шара соңында еріктілер алдағы уақытта өтетін сенбіліктер мен ағаш отырғызу жұмыстарына белсене қатысуға қызығушылық танытты. Қорыта айтқанда экологиялық қозғалысқа кез келген адам қосыла алады: сенбіліктерге қатысу, қоқыстарды сұрыптау, ағаш отырғызу, балаларды экологиялық әдеттерге үйрету – мұның бәрі Қазақстанның таза, қауіпсіз және жасыл болашағына қосқан үлесі.