Тіл байлығы – ұлт мұрасы, салт-санасы

Oinet.kz 28-09-2025 74

Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың  қағидасына сүйенсек,  Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. 

Screenshot_17.jpg

Осы ретте Шымкент қаласында «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен болашағы төңірегінде ой өрбітті. 

Форумды «Қазақ тілі» қоғамы Шымкент филиалының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізді. Оның айтуынша, қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. «Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері», – деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын, – дейді ол. 

Форумның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, өңірде тіл саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген азаматтарды марапаттады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген сөзін мысалға ала отырып, еліміздегі татулық пен ынтымақтың басты құндылық екенін атап өтті.

– Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Біздің бірлігіміздің кепілі – өзара сыйластық пен толеранттылық. Соның нәтижесінде мемлекеттік тілдің мәртебесі артып келеді. Биылғы жылы абитуриенттердің 80 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырса, бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің 70 пайызы қазақша білім алуды таңдады. Бұл – тіліміздің нығайып, қоғамда кеңінен қолданылып келе жатқандығының нақты көрінісі, – деді Сәрсен Құранбек.

Форум аясында бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды. «Өрлеу» БАҰО АҚ «Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының» директоры Меруерт Медетбекова ауызша іскерлік тіл мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталса, редактор әрі аудармашы Назгүл Қожабек «Бұл қазақша – қай қазақша?» атты баяндамасында калька аударманың кең етек жаюына алаңдаушылық білдірді.

Сонымен қатар, форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі сөз болды. Түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде баяндама жасап, жиналғандарды ерекше тәнті етті. Бұл – мемлекеттік тілдің ұлтаралық қарым-қатынастың берік құралына айналып келе жатқанын білдірді. 

Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу
Патриоттық тәрбие – қоршаған ортаға деген құрметтен басталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу