Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген болатын.
Президенттің бұл сөзі – бүгінгі күнгі рухани даму бағытының өзегі. «Кітап оқитын ұлт» жобасы осы үндеудің аясында қолға алынып, ел азаматтарының әдебиетке, ғылымға және жалпы мәдениетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Осы ретте Шымкент қаласында тұрғындарының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға қол жетімділігін қамтамасыз ету, рухани-мәдени байыту, әдебиеттің озық туындыларын насихаттау мақсатында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы басталды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, аталған жобаның мақсаты – кітап оқу мәдениетін дамыту, білім мен танымды дәріптеу және оқырман қауымды көбейту арқылы қоғамның рухани әлеуетін арттыру. Атап өтерлігі, бұл бастама Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен бірнеше өңірде іске қосылып отыр. Соның қатарында Шымкент қаласы да бар.
«Шымкент – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан қала. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің шаһарда жүзеге асуы – заңдылық. Кітап – тұлғаны қалыптастырып, ойды өсіретін құндылық. Әрбір шымкенттікті осы игі іске атсалысуға шақырамын», – дейді қала басшысы.
Жалпы Шымкент қаласында былтыр осы жобаға ұқсас, «Кітап оқитын Шымқала» атты көше кітапханалары ашылған болатын. Аталған инновациялық жоба қаладағы шағын аудандар ауласында жергілікті тұрғындардың өзара кітап алмасуына бағытталған еді. Ол жобаның негізгі мақсаты – оқылған кітаптарға екінші өмір сыйлау және оқырмандар арасында кітап алмасу акциясын жүргізу болды. Мұндай жобалар әлемнің көптеген елінде сәтті жүзеге асырылып келсе, былтырдан бері Шымкент қаласының тұрғындары да бұл бастамаға үлкен қолдау көрсеткен-ді.
«Көше кітапханалары арқылы кітап оқуды насихаттап, тұрғындарды кітап оқуға тарту мүмкіндігі артып келеді. Аулаларда орнатылған буккроссинг бұрыштары қала тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Бұл жоба арқылы әркім оқыған кітабын басқалармен бөлісе алады. Сонымен қатар ол жерден қызықты кітап табуға болады. Бұл жоба кітап оқуды жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындар арасында мәдени қарым-қатынасты нығайтады», – дейді Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманова.
Бүгінгі күні қаланың алты жерінде көше кітапханасы жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтар тәуліктің кез келген уақытында қажетті кітабын алып, орнына басқасын қалдыра алады. Енді міне, елімізде қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына Шымкент қаласы ресми түрде қосылды.
«Кітап оқитын ұлт» – бұл тек байқау ғана емес, ел болашағы үшін жасалып жатқан стратегиялық бастама. Қазіргі цифрлық ғасырда адамдардың назары экранға ауа бастаған кезеңде кітапқа деген қызығушылықты ояту аса маңызды. Жоба арқылы жастар мен ересектердің бойында білімге деген құштарлық, сыни ойлау қабілеті мен мәдениетке деген құрмет артады. Ата-аналар мен педагогтер тарапынан бұл бастамаға қолдау танытылып жатқаны қуантады. Көптеген мектептер мен колледждер өз оқырман клубтарын құрып, оқушылар мен студенттерге арнайы оқу жоспарларын жасауда. Бұл – білім беру процесін жаңа деңгейге көтеретін тың тәсіл. Ал Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, байқау шарттары мен қатысу ережелері туралы толық ақпарат қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланатын болады.