Салт-дәстүр мен дін егіз ұғым
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, салт-санасы Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды.
Жуырда Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Кереғар діни ағымдардың қоғамға кері әсері» атты тақырыбта Шымкент медресе колледжінде кездесу өтті.
Оған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің маманы Бексұлтан Жұмаханұлы және «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының Шымкент қаласы бойынша филиал жетекшісі Файзулла Тайтелиев қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру.
Дін өкілдері деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары мен дін бағытындағы бірқатар ақпараттармен бөлісіп, кереғар діни ағымдардан сақтануға шақырды. Аллаға шүкір, еліміз егемендігін алғалы етек-жеңімізді жиып, рухани дүниелеріміз түгенделуде. Ұлттығымыздың негізгі белгілері – дініміз бен діліміз, тіліміз қайта түлеп, жаңғыра бастады. Бұл ең әуелі Ұлы Жаратушы Алла тағаланың бізге деген сыйы деп ұғынуға тиіспіз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласының бас имам орынбасары, магистр Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, жалпы, ертеректегі ғұлама-ғалымдардың пайымдауынша, ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болу қажеттілігі айтылады. Олар: діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар.
– Жалпы, дін мен дәстүрдің өзара байланысы аса қажет. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатыр деуге толық қақымыз бар. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі – тек бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан: «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан да, ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туылған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді», – деді Мұхамеджан Естеміров.
Қарап тұрсақ, атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни, туылған нәрестенің амандығы және де жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қалжаға «ақиқа» қойы ер балаға екі, не, бір қой соятын болған. Ал қыз балаға бір қой сойылған. Өйткені, ер бала қыз балаға қарағанда қомағайлау болатындықтан, (анасын көбірек емеді) екі қой сойылатындығы айтылады. Сонымен қатар, бұл үрдіс жаңадан босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп, қалыптасуына және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді 40 күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Асыл дініміз Исламда да әйел босанған уақыттан бастап, 40 күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Тағы бір мәселе – ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қойдың барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс.
Жиынға қатысушылардың қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі – шілдехана тойы да Ислам дінімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр жаңа туылған баланың туылғанына қырық күн толғанда жасалады. Кездесуге қатысқан жастар мен дін өкілдері ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың ислам дінімен сәйкес тұстарын бірлесе талқылап, өзара пікір алмасып, тарқады. Қорыта айтқанда, жоғарыда айта өткендей, дәстүрдің дінімізбен, діліміз дәстүрімізбен өзара астасып жатса нұр үстіне нұр.