Қазақ руханиятын әлемдік деңгейде танытған шымкенттік ғалым
Қазақстанның көрнекті ғалымы, педагог, Әуезов университетінде 30 жылдан аса еңбек еткен Асма Ахметқызы Қалыбекова бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын зерттеуге, оны жаңа ұрпаққа насихаттауға арнаған.
Әсіресе, Шымкент қаласындағы оқу орындарында атқарған еңбектері ерекше атап өтуге тұрарлық. Академик Асма Қалыбекова қазақ халқының педагогикалық мұрасын терең зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізді. Оның ғылыми еңбектерінде ұлттық тәрбиенің негізгі қағидалары, халық даналығы, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптың адамгершілікке әсері жан-жақты қарастырылған. Ол қазақ этнопедагогикасының іргетасын қалап, оны оқу-тәрбие процесіне енгізу жолдарын ұсынды.
– Асма Ахметқызы ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды қайта жаңғыртып, олардың тәрбиелік маңызын ғылыми негізде дәлелдеді. Ол халық даналығын, мақал-мәтелдерді, ертегілер мен аңыз-әңгімелерді, ұлттық ойындарды бала тәрбиесінің негізгі құралы ретінде қарастырды. Бұл зерттеулер оның «Қазақ халық педагогикасының теориялық және қолданбалы негіздері», «Народная мудрость казахов о воспитании» және «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» сияқты іргелі еңбектерінде толық көрініс тапты. Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігінің ұсынысымен «Қазақ халық педагогикасының теориялық және қолданбалы негіздері» атты монографиясы ағылшын тіліне аударылып, баспадан шықты,- дейді ұстаз туралы Қазақстан ПҒА академигі, Қазақстан КАТҰ академигі Тәңірбергенов Медеубек Жұматайұлы.
А.А. Қалыбекованың қазақ халық педагогикасы саласындағы терең зерттеулері халықаралық деңгейде мойындалды. Оның ғылыми еңбектері Кембридждегі биографиялық орталықтың назарын аударып, 2001 жылы "XXI ғасырдағы кімнің кім екендігі туралы" бағдарламасы аясында "ұлттық рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін" медалімен және дипломмен марапатталды. Бұл марапат оның қазақ руханиятын әлемдік деңгейде танытуға қосқан зор үлесінің айқын дәлелі.
– Ұлттық құндылықтан ажырай бастаған жас буын ұлт, ел мен жер келешегінен гөрі, өз басының қамын ойлауға бейімделеді, оның патриоттық сезіміне, қасиетіне сызат түседі. Бұл аса қауіпті әрі аса қорқынышты құбылыс. Ал оның алдын алу, оны болдырмау күрделі қоғамдық, отбасылық, әрі білім беру саласының басты проблемасы болып табылады.
«Қайран, біздің аналар, барды ойламай, арды ойлаған» Тойқара, Сүзге сынды аруларының ерлігі мен пәктігі біріншіден, өз халқын ажал тырнағынан құтқарды. Екіншіден, тілі бөлек, діні бөлек, салт-дәстүрі бөлек жат жұрттыққа, ата жауына иілмей, көшпенділер рухының биіктігін, тау бұлағындай таза махабатының мөлдірлігін сақтап өтті бұл жалғаннан.
Қазақ қыз-келіншектер поэзиясының шыңы ақын Фариза Оңғарсынова халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлеп өткен дегдар тұлға. Бір кездері Берлиннің «Фолк унд вельт» баспасы әпкеміздің кітабын неміс тіліне аударып шығаруды жоспарлайды. Қонақ болып келген талантты аудармашы Ильза Черттнер деген қыз Фариза апамыздың шаңырағында бірнеше әріптестермен дастарқанда бас қосады. Қонақжайлық көрсетіп алыстан келген сыйлы қонаққа қойдың басы ұсынылады. Мұны көрген мейман дәстүрді түсінбей күліп жібереді. Үй иесі бұрқан-талқан болып, білмейтінді біліп алудың орнына, таңырқау мен күлудің әдепсіздік екенін айтып, дастарқан басынан кетіп қалады. Қанша кешірім сұрағанымен илікпеді. Сондағы ақын әпкеміздің айтқан уәжі: «Елімнің салт-дәстүрінен сонша тосырқап отырған адам, өлеңімді аударып қайдан қарқ қылсын» деп жауап берген екен.
Ғұмырын бастағалы тағдыр заман,
Тылсымды сынақтарға салдың заман.
Қай ғасыр, қай заманда қазақ қызы
Ұятқа елін, жерін қалдырмаған», – деп жырлаған ақын Фариза Оңғарсынованың сөзіне қәзіргі қоғамның тұлғасы ғалым-ұстазы ҚР ГҒА академигі, ҚР ПҒА, Халықаралық психология ғылымдарының академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қалыбекова Асма Ахметқызын теңеуге әбден лайық, дейді Тәңірбергенов Медеубек Жұматайұлы.