Жарылқап Қалыбай саясаттанушы Дос Көшімді ауыр айыптады

Танымал журналист Жарылқап Қалыбай саясаттанушы Дос Көшімді айыптады. Ол Дос Көшімді саяси алаяққа теңеді. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды деп хабарайлы Oinet.kz тілшісі.
"Достың кім екенін онымен бұрынғы КазПИ, бүгінгі Абай университетінде бірге істеген, марқұм Жасарал Қуанышәлин айтып, жазып кеткен.
Дос Көшім өзінің сайлау бақылаушыларын дайындау деген жобасына әр сайлауда биліктің тендрінен қыруар қаржы “ұтып алады”. Әділетсіз билік бұл тендрді кімге ұтқызуды біледі.
Дос Көшім биліктің президент сайлауын легимитация жасап берген Әміржан Қосановты сайлауға “заңды” қосқан және Парламент сайлауына Айдос Сарымдарды өткізген, “Жаңа Қазақстан” форумын ұйымдастырып Батыс сарапшыларын алдаған “Брюссель капустасының” Әкежан Қажыгелдин, Бергей Рысқалиев секілді ең негізгі астыртын құрылтайшыларының бірі.
Ал сайлаудан - сайлауға дейін Дос Көшім билікпен астыртын келісіп, баспасөз бетінен түспей билікті сынап “оппозиционер” рөлін сомдайтын айлакер саясат сарапшысы, қазақ тілінің қамқоршысы, сөзге шешен ұлтшыл саясаттанушы.
Саясатттан алыс жүрген қарапайым халық Дос Көшімге оңбай алданады. Ол билікке қауіпсіз сындарды айтып 5-7 жыл оппозиционер рөлін ойнайды, ал Тоқаевтың сайлауын заңдастырып беретін шешуші кезеңде лып етіп билік жағына шыға келеді. Оған оппозиционер деп сеніп келген миллиондаған қара халық осы тұста дағдарып, кімге сенерін білмей дал болады. Содан кейін “оппозиционер деп жүрген ұлтшыл белсенділердің барлығы биліктің адамдары, бұлар ұлт мүддесіне сатқын” деген жалған сөз ел ішінде желдей есіп, кеңінен тарайды. Оппозиция атаулының барлығына қарапайым халықтың сенімі жоғалады. Ал билікке керегі - сол, ел сеніміне селкеу түсіріп, үміт отын өшіру" деп жазды ол фейсбуктегі парақшасында.



