Шымкентте ұлттық тағамдарды дайындауды жастар жаңа деңгейге көтеруде
Шымкент – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. Бұл қала тарихы мен мәдениеті тереңге тамыр жайған, қазақы салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпты берік сақтаушы өлке ретінде танымал.
Қала халқының тұрмыс-тіршілігінде, қонақжайлылығында және отбасылық қарым-қатынасында ұлттық құндылықтар айқын көрініс табады. Соның ішінде ұлттық тағамдарымыз ет асу, қазы дайындау, құрт жайып, тары-талқаннан заман талабына сай түрлі тәттілер жасаудан Шымкент қашан да таңқалдырудан шаршамайды. Ақ жаулықта аналарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық тағамның қасиетін, дайындаудың ерекшеліктерін, тіпті оны беру мәдениетін де аманаттап келеді. «Мұны сыры неде?» деген сауалға шымкенттіктер былай жауап берді:
Қалалық салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығының бөлім басшысы Гүлшат Жақанқызы:
«Ұлттық ас – ол жай ғана тағам емес, ол – халықтың тарихы, мәдениеті және рухы. Қазіргі жастар арасында ұлттық тағамдарды ұмытып барады деген алаңдаушылық болса да, оны қайта жаңғыртып, дәстүрді жалғастырып жатқан талантты жастар аз емес. Кезінде әжелеріміз мен аналарымыз ғана дайындайтын ұлттық тағамдарды бүгінгі жастар жаңа деңгейге көтеруде. Олар тек рецептіні ғана емес, сонымен қатар ұлттық тағамдардың тарихын, дайындау ерекшеліктерін, тіпті олардың денсаулыққа пайдасын да зерттеп, танымал етуде. Шымкент қаласында гастрономиялық бағыт ерекше дамуда. Соның ішінде ұлттық тағамдарды ұсынатын «Сандық», «Тары» секілді мейрамханалар соның бір дәлелі.
Гүлнар Жанысбекова, оқытушы-ғалым:
«Ұлттық ас дайындау – қазақ халқы үшін жай ғана тамақ пісіру емес, ол – атадан балаға мирас болып келе жатқан, терең философиясы бар шынайы өнер. Бұл өнер тағам арқылы халықтың тарихын, тұрмыс-салтын, және дүниетанымын көрсетеді. Қазақ тағамдарын дайындау барысында көптеген дәстүрлер мен рәсімдер сақталған. Мысалы, басты құрметті қонаққа бас ұсыну, қазы-қартаны кәрі жілікпен беру, қыздарға қабырғаны ұстатпау сияқты ырымдардың барлығы да белгілі бір тәрбиелік мәнге ие. Осы дәстүрлер арқылы жас ұрпаққа үлкенге құрмет көрсету, ізеттілік таныту сияқты адамгершілік қасиеттер үйретіледі. Күні бүгінге дейін ұлттық тағамдарымыз әрбір отбасының к.нделікті немесе мерекелік дастарханының көркі болып қана қоймай, сонымен бірге қонақжайлылық пен жомарттықтың символы болып табылады. Сондықтан Оңтүстік өңірде жойылып немесе ұмытылып кеткен ұлттық тағамдар жоқтың қасы.
Шымкент қаласы ұлттық тағамдарды насихаттау және оны туристерге таныстыруда маңызды рөл атқарады. Қаладағы мейрамханалар мен кафелерде дәстүрлі қазақ тағамдары ерекше құрметпен ұсынылады. Бұл қала тұрғындарына ғана емес, келушілерге де қазақ халқының бай асханасымен танысуға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, Шымкент – дәстүр мен дәмнің тамаша үйлесімін тапқан қала. Мұнда ұлттық тағамдар тек қана тамақ ретінде емес, мәдениеттің бір бөлігі ретінде бағаланады.