«Абайка» сөзі шапанның баламалы атауы ма?
Қазақ халқының ұлттық киімдері – ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен тұрмыс-салттың айнасы.
Солардың ішінде ұлттық болмысымызды айшықтайтын сырт киім – шапан. Шапан – қазақтың ұлттық сырт киімі. Жеңі ұзын, етек-жеңі кең, сәнді және аборойлы киімі. Ұлттық киімнің түрі көп: жібек шапан, пүліш шапан, барқыт шапан, шұға шапан, қаба шапан, шибарқыт шапан, мақпал шапан, шұға шапан делінсе, жасалу формасына байланысты: шолақ шапан, қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан, қа¬йырма жағалы шапан, тік немесе орама жағалы шапан деп бөлінеді.
Ия шапан – тек киім ғана емес, ол ұлттық кодтың бір бөлігі. Ертеден шапан әлеуметтік мәртебенің, құрметтің, сыйластықтың белгісі саналған, әлі күнге дейін құндылығын жойған жоқ. Ол салт-дәстүрмен, ғұрыптармен тығыз байланысты. Біреуге шапан жабу – қазақ қоғамында үлкен мәртебе. «Шапан жабу» дәстүрін күні бүгінге дейін сақталып келеді. Бұл – адамның еңбегін мойындап, оны ерекше құрметтеудің белгісі.
Қазіргі күні де шапан күнделікті де, мерекелік те өмірінде маңыздылығын жойған жоқ. Ал кейбір тарихи деректер мен ауызекі сөйлеу тілінде шапан «абайка» деп те аталған екен. Бұл атаудың шығу тегі туралы салт-дәстүріміздің жанашыры, зерттеуші, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің оқытушысы М. Умешованың өз айтары бар.
– «Абайка» атауы – шапанның баламалы атауы ретінде кездесетін сөз. Бұл атаудың пайда болуын қазақ даласындағы тарихи-мәдени ықпалдастықтармен байланыстыруға болады. Әсіресе, Ресей империясының ықпалы күшейген тұста қазақ қоғамына орыс тілі мен мәдениетінің әсері байқала бастады. Осы кезеңде көптеген тұрмыстық, әкімшілік және мәдени терминдер орыс тіліне бейімделіп, өз атауларын өзгерте бастағаны белгілі. «Абайка» сөзі зерттеушілердің пікірінше, түркі тілдеріндегі «аба» сөзінен шыққан. «Аба» – киізден, шұғадан тігілетін қалың сырт киім дегенді білдіреді. Бұл сөз Орта Азия халықтарында кең таралған. Орыс тіліне енген кезде осы сөз «абайка» түріне өзгеріп, шапан атауын алмастырып қолданылған болуы мүмкін. Тарихи құжаттар мен тілдік ықпал. Ресей империясы кезеңіндегі әкімшілік жазбаларда, этнографиялық еңбектер мен саяхатшылардың жазбаларында қазақтардың ұлттық киімдері көбіне орыс тіліндегі атаулармен таңбаланды. Сол себепті де шапан сияқты киімдер «абайка», «чапан», «бурка» тәрізді балама атаулармен түсіндірілді. «Абайка» атауы көбіне ресми және орыс тілді ортада қолданылғанымен, халық арасында бұл сөз шапанмен синоним ретінде кейде айтылып жүрген. Дегенмен, қазіргі таңда «абайка» сөзі сирек кездеседі, оның орнына төл атау – шапан кеңінен қолданылады Шапанның тарихи-көпмәдениетті кеңістікте қалыптасқан балама атаудың түп-тамыры түркі тіліндегі «аба» сөзінен бастау алып, орыс тіліне бейімделген түрі ретінде қазақ даласында қолданылған. Бұл құбылыс – қазақ халқының киім үлгілерінің тек тұрмыстық емес, тарихи-мәдени ықпалдастықтың да бір айғағы екенінің дәлелі. Ұлттық киім атауларының осылайша түрленуі – тіліміз бен мәдениетіміздің терең тарихынан сыр шертеді. Сондықтан мұндай сөздердің мән-мағынасына үңіліп, оларды зерттеу – халқымыздың рухани мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік береді, - дейді.