Түркістан облысында интернет-алаяқтарға ұрынғандар 1,6 млрд теңгесінен айырылған
Түркістан облысында интернет-алаяқтық қылмыстары жылдан жылға көбейіп келеді. Облыста өткен жылы осы санат бойынша 843 қылмыс тіркеліп, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 1 млрд 665 млн теңгеден асты.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылы интернет-алаяқтыққа қатысты 567 қылмыс тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 598-ге жеткен. Сол жылы тұрғындар шамамен 1 млрд теңге көлемінде қаржылай шығынға ұшыраған.
Облыстық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Ермек Шәкімнің айтуынша, интернет-алаяқтар ең жиі қолданатын тәсіл — банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары, байланыс операторлары немесе пошта қызметкерлері атынан қоңырау шалу. Бұл әдіс бойынша өткен жылы 340 дерек тіркелген. Сонымен қатар инвестиция салуды сылтауратып алдау бойынша 98 жағдай анықталған.
— Интернет-дүкендер мен онлайн-платформалар арқылы тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем жасату деректері де азаймай отыр. «Wildberries», «TEMU», «Колеса», «Крыша», «OLX» және өзге де сервистерге қатысты 255 дерек тіркелді. Бұдан бөлек, мессенджерлер арқылы танысының атынан ақша сұрау — 49, ұтыс ойындарына қатысты — 47, ал интернет-алаяқтықтың басқа да түрлері бойынша 54 дерек анықталды, — деді Ермек Шәкім.


