Баланың тұсауын кім кесіп жүр?

Oinet.kz 11-08-2025 6

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы — ұлт болмысының негізі. Солардың бірі — баланың тәй-тәй басып жүре бастаған сәтінде жасалатын ерекше рәсім — тұсаукесер. 

Screenshot_33.jpg

Тұсаукесер — тек рәсім емес, ұлттың балаға деген қамқорлығы мен мейірімін, болашаққа сенімін білдіретін терең мағыналы дәстүр. Бүгінде де бұл салт ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алып, қазақы рухани тәрбие берудің бір жолына айналып отыр. Жалпы баланың тұсауын кім кескен дұрыс?

Бұл сұраққа Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері А.Леубаева былай жауап берді: «Жаратушы Алла Тағала жер бетінде қанша ұлт жаратса, сонша салт бар екені бесенеден белгілі. Біздің айтайын дегеніміз бабадан балаға мұра болып жеткен, қазақ халқының өнегелі салт-дәстүрлерінің дүние дүрбелеңімен өзіміз танымастай өзгеріске ұшырауы. Алдымен қоғамда біраз пікірталас тудырған тұсаукесер дәстүрінен бастасақ. 

Қаз-қаз қадам басып жүруге талпынған бүлдіршіннің тұсауын кесуді ата-бабаларымыз бала өміріндегі алғашқы қуаныш тойларының бірі санаған. Дәстүрімізде күрмеуін шешіп, тұсауын кескен сәтте баланы өлшеулі ақ матаның үстімен жүргізу, алдына әртүрлі заттар қойып, қайсысын таңдар екен деп қадала қарап тұрмаған. 

Дәстүр демекші, балаға әлгі әртүрлі заттарға таңдау жасату кәріс халқының бала  -жасқа толғанда жасайтын үрдісі екен. Кірме дәстүр қазақ ұлтының қалыптасқан салтына да салқынын тигізген. Көршілес өзбек ұлтынан да дәстүрімізге кірмелеп кіріп, дендеп алған көріністер көп. Ол өз алдына бөлек әңгіме, тұсау кесерді түйіндесек. 

Баланың тұсауын кімге кестіріп жүрсіз? Бұрыңғылар ағайынның арасындағы сыйлы, туыстың ішіндегі беделді кісіге қолқа салушы еді?! Дәстүрдің де, діннің де  дәріптейтіні осы туыстық қарым-қатынас емес пе... Ендеше, неге біз жақсыны жаттан іздейміз, жақыныңнан алыстап», - деген өз пікірін білдірді. 

Қазақтың батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Күретамыр»  кітабында тұсаукесер дәстүрі жайлы  мынадай құнды дүниелер жазылған: «Бала еңбектеуден толық өтуге тиіс. Еңбектеу баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшықеттерін нығайтады. Сәби еңбектеу арқылы айналасын, кеңістікті таниды, өздігінен қимыл-қозғалыс жасап, көзіне түскен нәрсеге қарай жылжып, төңірегін өз әлінше меңгеруге талпынады».

Ертеректе тұсау кесу ырымын жасағанда көп адам шақырмай-ақ, баланың шешесі жақын туған-туысқандар, абысын-ажындармен жиналып, ауылдағы аяғы жеңіл адамға баланың тұсауын кестіріп, шашу шашып, жеңіл-желпі сый құрмет көрсеткен. Тұсау кесуге қойдың көтен ішегін не жіңішке ала жіпті пайдаланған. Тұсау кесушілер тек қана жеңіл аяқ, жүйрік адамдар болуы

керек деген ырым болған. 

Ырым демекші, дәстүріміз қанша өзгеріске ұшырап, заманға қарай «бейімдеп» алып жатса да тұсау кесуге қатысты ырымдар күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ. Мәселен, «Тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады», «Жас балаға тұсау кескізбейді», «Тұсауды пышақпен кеседі», «Жеткіншек балаларды тұсау кесерден бұрын жүгіртіп жарыстырады», «Бірінші боп озып келген екі бала сәбидің екі қолынан ұстап жетелейді. Ал ентігіп келген балалардың күш-қуаты сәбиге алақан арқылы беріліп, тез жүріп кетеді деген сенім бар», «Тұсаукесерге қатысқан балаларға «тыштыма» тәттілер таратылады. Өйткені, балалардың таза энергиясы қадамын жаңа басқан сәбиге дариды» деп есептеген. 

Бір айта кетерлігі, тұсауды көлденең көк аттыға кестірмеген. Бабаларымыз кезінде жасы келген, науқас, жүрісі сылбыр, тұрмыс құрмаған қыз немесе үйленбеген жігітке тұсауды кестірмеген. Ұл баланың тұсауын ісі тындырымды, бір сөзді ер адам кессе, қыздың тұсауын қимылы ширақ, мінезі көркем келіншек кескен.

Осындай ырым-тыйымдарға қарап, әсіресе мән-мағынаға толы тұсау кесерді «кірме»дәстүрлермен емес, негізін сақтай отырып кәдеге жаратқан абзал.

Қазақтың дәстүрінде «тәтті шәй» дәстүрі болған ба?
«Абайка» сөзі шапанның баламалы атауы ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу