Перизат Қайрат жұмыс таба алмай жатыр
Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды. Алайда содан бері оған колониядан жұмыс табылмай отыр.

2025 жылы қазанда ішкі істер министрінің орынбасары - Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмысқа орналастыру мәселесі оның қабілет-дағдысына және мекемеде бос орындар бар-жоғына қарай шешілетінін айтты.
Tengrinews.kz Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдаған. Нәтижесінде Перизат Қайрат әлі күнге дейін жұмыссыз екені белгілі болды.
"Сотталған азамат сот шешіміне сәйкес мекемеде жазасын өтеп жатыр. Қазір мекемеде бос жұмыс орындары болмағандықтан, ол жұмыс істемейді", - деп жазылған жауапта.
Сонымен қатар, ҚАЖК Перизат Қайрат қай колонияда жазасын өтеп жатқанын атаудан бас тартқан. Дегенмен, комитет мәліметінше, сотталғандар 48 түрлі мамандықтың бірін игере алады. Мәселен колонияда аспаз, ара өсіруші сияқты мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, 34 бағыт бойынша қысқа мерзімді курстар қарастырылған.


