Қазақтың дәстүрінде «тәтті шәй» дәстүрі болған ба?
Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы заман ағымына қарай түрленіп, жаңарып, жаңғырып келеді.
Солардың бірі – «тәтті шай» дәстүрі. Бүгінде жастар отау құрып, шаңырақ құрар алдында екі отбасының ата-анасы, туған-туыстары бір-бірімен кездесіп, танысып, «тәтті шай» дәстүрін өткізіп жүр. Мұны кейбіреулер қазақтың ұмыт болған дәстүрі десе, кейбіреулері ойдан шығарылған «жаңаша» рәсім деседі. Ұлтымызда «Тәтті шай» дәстүрі болған ба? Бұл сауалды Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері Ақмарал Леубаеваға қойған едік. Дәстүр-салттарымызды терең зерттеп жүрген елімізге танымал айтыскер ақын, ғылыми қызметкер бұл сауалға: «Болған. Бұл дәстүрдің болғанына нақты дәлел де бар. Репортацияға ұшыраған дәстүрлердің бірі – «шеге шапан», бұрынғының тәтті шәйі десе болады» деген тың деректерін айтты.
– «Шеге шапан» дәстүрі кәде сый арқылы қазақ халқының тұрмыс салтына енген. Құда болуға баталасқан екі жақ келіскеннен кейін бір-біріне сый-сияпат ұсынады. Жігіт жағы «қарғы бау» ұсынғаннан кейін, жаушыға «шеге шапан» жабады. Бұл уәде пісті деген сөз. Жаушы жіберген жақ өз жаушыларының үстіндегі «шеге шапанын» көріп, оларды шашу шашып қарсы алады.
Ал, бүгінгінің шеге шапанының аты «тәтті шай» болып өзгерген. Айырмашылығы бұрынғылар жанама құдаларды жіберсе, бүгінгілер құда мен құдағидың өздері кездесіп сөйлеседі. Уағдаласқан екі жақ бір-біріне алтын тағып, сый ұсынады. Екі жастың қуанышын тойлауды келісіп, ақылдасады. Байқасаңыздар ілуде біреу болмаса, тәтті шай түгілі, үлкен тойларда да, шапан жабу дәстүрі қалып барады. Ұлттық құндылықтарымызды салт-дәстүр арқылы дәріптеуден неге қашқақтаймыз?
Біздің дініміз – бейбітшілік, махаббат пен мейірім діні. Сыйлықтар тарту ету біздің сүйікті Пайғамбырымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сүннеті. Шеге шапан ата-бабалардың өзара қарым-қатынасты бекітіп, сыйлық сыйлау арқылы сүйіспеншілікті арттырып, Алла разылығына ұмтылғаны емес пе?
Ендеше, дініміздің де, дәстүріміздің де дамуына үлес қосатын шапан сыйлау кәдесін жаңғыртайық, -деген ойымен бөлісті Ақмарал Леубаев.
«Шеге шапан» дәстүрі туралы кітаптарды ақтара отырып тағы да мынадай ақпараттармен таныстық. «Шеге шапан қыз бен жігіттің әке-шешесі келісімге келген соң бір-біріне жасалатын сыйлық. Жігіт жақтың беретін сыйлығы "қарғыбау" деп аталады. Ал қыздың әкесі жаушының (жігіт жақтан келген кісі) иығына шеге шапан жапқан. Шеге шапан деген жаңа шапан деген мағынаны білдіреді. Қызға құда түсерден бұрын жігіт жақтан жаушы келеді. Ол тойдың уақыты, қалың мал құны бойынша келісім жүргізеді. Содан соң қыздың әкесіне қарғабау береді. Бұл жерде қарғы — жүген, бау — шылбыр.
Осыдан кейін кейін жігіттің әкесі өзі келіп, құдалық туралы сөйлеседі. Қыздың туыстары да бұл кеңеске қатысады» деген мәлімет берді.
Тың дерек ұсынған зерттеушіміздің пайымына қарап, қазіргі заманның өзгерістеріне қарамастан, көптеген дәстүрлеріміздің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Бұл дәстүр заманның талабына сәйкес өзгеріске ұшырағанымен, тәрбиелік, рухани мәні жоғары екенін көреміз. Ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді қайта жаңғырту арқылы қазақ халқы өзінің мәдени мұрасын осылайша сақтап, ұрпақтарға аманат етіп келеді.