Қазақ дәстүріндегі билік шешім: Қазақ сөзге тоқтаған халық

Oinet.kz 10-08-2025 6

Қазақта ежелден дау-дамай, талас-тартыс туындағанда мәселені ушықтырмай, тез шешу билерге жүктелген.

Screenshot_31.jpg

Сондықтан болар дала дәстүрінде билер институты қалыптасып, шешімі жоқ деген істің өзі билердің дуалы сөзімен-ақ реттеліп отырған. «Бидің сөзі киелі» деген нақыл осыдан шықса,  Ахмет Байтұрсыновтың: «Әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді», – дейтін сөзі бар. Бүгінде елімізде «билер кеңесі», «билер институты» деген ұғымдар бар. Қазақ дәстүріндегі билік шешімі туралы Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері Ақмарал Леубаевамен әңгіме тарқаттық.

– Ақмарал ханым, билердің қоғамдағы дәрежесі жоғары болғаны тарихымыздан белгілі. Қазақ дәстүріндегі билік шешім туралы тарқатып айтып берсеңіз?

– Иә, елдің әдет заңына жетік, халықтың байырғы мәдениетін, әдеті мен ғұрпын, салт-санасын терең игерген сөз шебері қазақ хандығы тұсында ел билігіне кеңінен араласқан. Үлгілі, ғибратты, өнегелі сөздерін ел тағдырымен, халық мүддесімен, мемлекет мақсатымен байланыстырып айтқан ірі билердің қоғамда, мемлекет басқару ісіңде алатын орны үлкен еді. Ел ішіндегі түрлі дауларда, айтыс-тартыстарда ойының ұтқырлығымен, сөзінің анықтығымен, ойлауының жүйелілігімен халықтың ықыласын, бейілін өзіне аударып, ақырында, дау иелерін де, қалың жұртты да өз айтқанына сендіріп, өз дегеніне көндіріп шыққан билердің абыройы мен атағы өте жоғары болған. Білікті билігімен қара қылды қақ жарып, тура би аты шыққан кісілердің мемлекеттегі басты тұлғаға айналуы билер дәуірінің саяси-әлеуметтік ерекшеліктерімен байланысты. Жәнібек ханның тұсындағы Асан би, Тоқтамыс хан тұсындағы Едіге би, Тәуке хан тұсындағы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би осындай билік енерінің шырқау биігіне шыққан, абырой-атағы, атақ-даңқы, беделі бүкіл елге мәшһүр болған кісілер еді. Бұл тұстарда халық белгілі билердің әділ айтылған билігін хан жарлығына теңгерген. Бидің әділ айтылған билігіне хан да қарсы шықпаған. Бидің бүкіл халықтық маңызы бар билігіне кұлақ қоймаған кейбір хандардан қадір қашып, қасиет кеткен жағдайлардың болғаны тарихтан белгілі. Казақ билері мен шешендерінің бүгінгі күнге дейін жеткен билік сөздері Едіге бидің билігіне ден қоймаған Тоқтамыс ханның, Асан бидің айтқанына ыңғай бермеген Жәнібек ханның істері ақыры баянды болмағанын аңғартады. Ақылын кеңге салған хан әдетте билерінің сөзін жерге тастамаған, “көбінесе билерінің ақылымен хандық құрған”.   

Халықтың “ханда қырық кісінің ақылы бар” деген сөзінің негізінде осындай шындық жатыр. Ханның ақылының асық болуының себебі оның осындай кеңесші-билерінің айтқандарына ықылас қоюында. Билердің билік сөзі ел билеудің жолы ғана емес, ел билеу туралы даналық ақыл, ереже қызметін атқарғандығы осы жайлардан белгілі болады. Ел өміріндегі, қоғамдағы, мемлекет ісіндегі билердің атқаратын қызметі мен орнының осындай жоғары екендігіне көзі жеткен халық бидің қоғам өміріндегі орнын жоғары бағалаған. 

– Билердің шешен, батырлардан айырмашылығын тарқатып айтып берсеңіз?

– Бидің батырдан, байдан артықшылығы жайында қанатты сөздер де аз емес. Солардың ішіңде Төле би айтқан екен деген мынадай сөз бар:

Батыр деген –  барақ ит –

Екі долы қатынның бірі табады.

Би деген – бір бұлақ –

Қатынның ілуде бірі табады.

С.Сейфуллин билер сөздері туралы еңбегінде елдің байырғы тұрмысының тәжірибесінен екшеліп, сұрыпталып шыққан қорытынды, түйінді сөздерін, заңдарын, шежіресін, салт-дәстүр ережелерін, сана, тәрбие нақылдарын, үлгі-өнегелерін өзгелерден артық білген адам және өзі де өнегелі сөздерді жанына айта білген адамның сол елге айрықша қадірлі болғанын көрсетеді. 

Қазақтың дәстүрі қоғамында батырдың да, бидің де өз орны болған. Әйтсе де хандардың да, батырлардың да, байлардың да кемшіліктерін, қателіктерін бетке айтып, міндерін көрсетіп, жолдан тайғандарын түзетіп, тура жолға салушы билер болған.

Би осылай деп айтса, айтқан да шығар. Бірақ бидің осылай айтуына негіз болған жағдай, ахуал сипаты бізге белгісіз. Қалай болғанда да екеуінің бірін таңдау қажет болған сияқты. Әйтпесе бұлай деп үзілді-кесілді тектен тек айтуға негіз жоқ. Өйткені дәстүрлі қазақ қоғамында батырдың өз орны, бидің өз орны бар. Сөз өнерінің тарихына назар аударатын болсақ, батырлардың өмірі мен ерлік істерін жырлаған неше түрлі эпикалық шығармалар бар, неше алуан тарихи жырлар бар. Жамбылдың Өтеген батыр, Сұраншы батыр туралы дастандарында, өлеңдері мен айтыстарында ел қорғаған батырлардың бейнесі барынша жарқын, жарық сипаттарымен ерекшеленеді.

Батыр, шешен, бай, би – бәрі де қазақтың байырғы қоғамының ірі тұлғалары. Олар туралы біржақты пікір түюден аулақ болған абзал. Бірін көтермелеу үшін екіншісін төмендетуді біз мақсат етпейміз. Дегенмен шаршы топтың алдында сөз бастау, ой жарыстыру, билік сөз айту батырлықтан да, байлықтан да қиын екенін мойындау керек. Өйткені, сөздің айтылуы бір басқа процесс те, шешеннің, бидің ойы мен ойлауының, қорытынды тұжырымының қалыптасуы басқа процесс. Ал оны сөзге айналдырып, келістіріп айту одан да күрделі. Бұл әрбір екі ойшылдың бірінің қолынан келе бермейді. Өнері асқан майталман шешен ғана көңіліндегі көрікті ойды көрнекті айта алады. Соның нәтижесінде ғана шешендік сөз, шешеннің өнері шаршы топтың ойы мен сезімін бірдей билеп төстей алады. Осы тұрғыда профессор Ж. Дәдебаетың мына бір пікіріне назар аударған дұрыс деп ойлаймыз: “Өнер мен ғылымның басқа түрлерінің қай қайсысы да өз пәнінің аясынан аспайды. Олардың әрқайсысы өзімен-өзі болғанда ғана қоғамдық ойдың дербес саласы ретінде сақталып қалмақ. Ал олай болмаған жағдайда олардың қай-қайсысы да мәнін, мәнімен бірге пәнін жоғалтып аларында сөз жоқ. Шешендік өнердің басқа өнер түрлерінен және ғылым салаларынан айырмашыығы – оның пәнінде де, әдісі мен тәсілінде де ешқандай шекара болмайды. Шешендік өнер үшін асуға болмайтын жалғыз-ақ шекара бар. Ол – ақыл-ой, ар-ождан, абырой шекарасы.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Ерлікті ұлықтау - отаншылдық рухты оятады
Қазақтың дәстүрінде «тәтті шәй» дәстүрі болған ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу