Жапаров ұлының өліміне кінәлі жүргізушіні кешірді
Соңғы 10 жылда Қырғызстанда жол-көлік апаттарынан шамамен 10 мың адам қаза тапқан. Бұл туралы президент Садыр Жапаров халықпен өткен кездесуде айтқан.

Президенттің айтуынша, тас жолда қаза болғандардың арасында өзінің туған-туыстары бар.
«Менің үш жақыным қаза тапты. Бір емес – үшеу. 2006 жылы мас күйде көлік айдап бара жатқандар қарсы бағытқа шығып кетті. Олар рулге ие бола алмай, басқа көлікті соғады. Сол жол апатынан туған інім мен келінім көз жұмды. Артында төрт бала қалды. Олар ауыр және жеңіл жарақат алды, бірақ, Құдайға шүкір, бәрі аман қалды. Қазір өсіп, өз отбасыларын құрды. 2019 жылы жол апатынан үлкен ұлым қаза тапты. Бұл да біреудің не жол ережесін білмегенінен, не әдейі жасаған әрекетінен болды. Қос жолақтан кесіп өтіп, басып озу кезінде ұлымды қағып кетті. Соның салдарынан ұлым қаза тапты», – деді Жапаров.
Дастан Садырұлы қаза тапқан жол-көлік оқиғасы 2019 жылы 22 тамызда сол кездегі Аламудин ауданына қарасты Көк-Жар ауылында болған.
Дастан мотоцикл тізгінінде болған. Ол 7 Сәуір көшесімен жоғары бағытта келе жатқан. Шамамен сағат 22:25-те ол «Тойота Матрикс» автокөлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін Дастан ұшып барып, «Лексус 330» көлігіне соғылған. Жас жігіт комаға түсіп, 26 тамыз күні таңертең есін жимастан көз жұмды. Ол кезде апатқа «Тойота» жүргізушісі кінәлі деп хабарланған. Садыр Жапаров ұлының өліміне әкеліп соққан жол апатына кінәлі жүргізушіні кешірген.


