Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды

Oinet.kz 06-02-2026

Ресей билігі қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуровқа Ресей Федерациясына 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салды деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png 

Tengri Life-тың жазуынша  шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін» қабылданған. Алайда бұл жағдайға қатысты әзірге ресейлік ресми органдар да, әзілкештің өзі де, оның өкілдері де түсініктеме берген жоқ.

БАҚ деректеріне сәйкес, Нұрлан Сабуров Мәскеуге Дубайдан ұшып келген. Внуково әуежайында шекаралық бақылаудан өткен соң, оны бөлек бөлмеге алып кіріп, Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжат тапсырылған. Әлеуметтік желілерде комиктің әуежайда ұсталған сәтінен түсірілген видеолар да тарады.

Telegram-арналардың жазуынша, құқық қорғау органдарының материалдарында қаржылық мәселелер де аталған. Атап айтқанда,  оның Ресейде тапқан табысын заңсыз жолдармен елден шығарып, делдалдар арқылы заңдастырумен айналысқандығы туралы болжам айтылады. Сондай-ақ оның Ресей аумағында жалпы құны 60 миллион рубльден асатын мүлкі бар екені көрсетіледі.

Еске сала кетейік, өткен жылдың мамыр айында ресейлік БАҚ әзілкештің  Мәскеуде элиталық коттедж бен жер теліміне иелік ететінін хабарлаған болатын. Мәліметтерге сәйкес, оның тұратын үйінің құны  шамамен  115 миллион рубльді құрайды (731 миллион теңге).

Сонымен қатар ашық дереккөздерде Сабуровтың екі көлігі бар екені айтылады: 2018 жылғы Mercedes Gelandewagen (SBR нөмірімен), шамамен 20 миллион рубль (128 миллион теңге) және 2021 жылғы Cadillac Escalade, құны 11 миллион рубльге (70 миллион теңге) жуық.

Айта кетейік, 2024 жылдың мамырында Нұрлан Сабуров Шереметьево әуежайында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұсталған. Ол Ресейде рұқсат етілген 90 күндік мерзімнен асып кеткен. Сол кезде әзілкешке елден кету және заң талаптарына сай қайта кіру үшін екі апта уақыт беріліп, 5,5 мың рубль көлемінде әкімшілік айыппұл салынғаны хабарланған.

Ал соңғы бір жылда Ресейде Сабуровтың концерттеріне қарсы әрекеттер күшейген. Нижневартовск, Екатеринбург, Обнинск сияқты бірнеше қалада билік органдары комиктің концерттеріне тыйым салған еді. 

Желі қолданушылары бұл жағдайды Нұрланның Украинадағы соғысқа қатысты сын пікірлері, сондай-ақАлматыда өткен концертінде Ресейден Қазақстанға көшкен азаматтарды әзілдеп сынағанымен де байланыстыруда.

Астана әуежайында бір топ ер адам ана мен балаға арналған бөлмеде намаз оқыған
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу