Сауран ауданында өткен «Таза Қазақстан» акциясында 240 жас қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы көктем айларынан бастап жүргізіліп жатқанын айтты.
Акция кешегі ел көлемінде мерекеленіп өткен Республика күні қарсаңында да ұйымшылдықпен өткізілді. Оған Сауран ауданының жастары да үлес қосып, өздерінің азаматтықтарын танытты.
Бүгінгі күні аудан көркіне ерекше басымдық берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында да көп жұмыстар атқарылды. Акция аясында аулалар абаттандырылып, балалар ойын алаңшалары салынды. Жалпы биыл ауданды абаттандыру және санитарлық-тазарту жұмыстарынаына жастар көп араласты. Елді мекендерді көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» жобасы аясында биыл мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланып, көктем айында мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Қалғанын осы айда отырғызу көзделген. Бұдан бөлек, аудан орталығының көшелеріне, саябақтарға, және басқада алеялармен скверлерге жалпы саны бірнеше мыңға жуық әртүрлі ағаштар отырғызылды. Кеше республика күніне орай аудан аумағында экологиялық сенбілік өтті. Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру болып табылады, - дейді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.
Президентіміз Жолдауында «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деп айтқан Мемлекет басшысы «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екенін ескертті. Осы ретте аудан басшылығы тарапынан ұйымдастырылып жатқан тазалық акциясы ауданның көркеюіне өз үлесін қосуда.
Аудан әкімінің айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы сәуірден бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Акция аясында 10 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, талдарды балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру және күл-қоқыстарды тазарту жұмыстары жүргізілген. Жалпы бүгінгі күнге дейін 153 іс-шара ұйымдастырылып, оған 10 151 адам қатысқан. «Таза Қазақстан» акциясы республика күні қарсаңында да ұйымдастырылып, аудан тұрғындары қолдарына қажетті құрал-саймандарын ұстап сенбілікке шықты. Тазалық шарасына ауыл округтеріндегі мекеме ұжымдары, белсенді жастар мен еріктілерден 240-тан астам азамат атсалысып, 15 техника тартылды. Сенбілікке қатысушылар көшелер мен саябақтарды, арық-атыздарды қоқыстан тазартып, 48,7 тонна қоқыс арнайы орынға шығарылды. Сенбіліктің арқасында аудан аумағы тазарып, көшелері көріктеніп, ажарлана түсті. Аталған сенбілік жұмыстары өңірде алдағы уақытта да жалғасын таппақ.