Қазығұрт ауданында Жолдау аясында «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынды
Қазығұрт ауданында Amanat партиясының Қазығұрт аудандық филиалы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруда. Amanat партиясының аудандық филиалының төрағасы Е.Исақұловтың айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында партия банк өкілдерімен бірлесе отырып жергілікті тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру және сол арқылы тұрмыс деңгейін жақсартуды алдарына мақсат етіп қойыпты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуды, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюды, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартуды, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалануды, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыруды, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды, экологиялық ахуалды жақсартып, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуді, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруды, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды көздейтін бірқатар бастаманы ортаға салды. Президент тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өткен болатын. Сондықтан да біз ауданда Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты жұмыс істеудеміз, - дейді Amanat партиясының Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Е.Исақұлов.
Оның айтуынша, қазіргідей нарықтық заманда әрбір азаматтардың қаржылық сауаттылығының жоғары болуы өте маңызды. Себебі, қаржыны дұрыс басқару қарызсыз қоғам қалыптастыру бағытында үлкен маңызға ие. Дегенмен, бүгінгі күні қарапайым халық арасында қаржылық сауаты төмен, қаржыны дұрыс басқара алмайтын адамдар да көптеп кездеседі. Соның салдарынан қолда бар дүниесінен айырылым, тіпті мақсатсыз несиеге ұрынып жатқандар да жетерлік.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу, жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру және сол арқылы тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында Amanat партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте Amanat партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады» деп айтып өтті.
- Бұл бағытта Қазығұрт ауданы бойынша оқу-семинарлар 2 қыркүйектен жалғасын табуда. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қаржылық сауаттылығын өңірдің әрбір азаматы арттыруына мүмкіндіктері бар. Атап айтсақ, оқу бағдарламасы азаматтардың мынадай санаттарына арналған: атап айтсақ, бірінші – несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар; екінші – дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар; үшінші – жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді. Олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін білетін болады, - дейді Amanat партиясының Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Е.Исақұлов.