Қазұғырт ауданы тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуда
Қазығұрт ауданын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы сәуір айынан бері тұрақты жалғасын тауып келеді. Өткен сенбіде акция Қазұғырт ауданында өз жалғасын тауып, саябақтар мен аллеялар, тоғандар мен көше бойларында сенбіліктер өткізілді. Қазығұрт аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловтың айтуынша, акцияға аудандық ардагерлер кеңесі, мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, ауданның ерікті жастары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары белсене атсалысқан.
Елімізде сәуір айынан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама болды. Бұл жөнінде Президентіміз «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс» - дей келе, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет екенін басып айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов ауданда өткізілген акция барысына тоқталып өтті.
- Мемлекет басшысы Жолдауында «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті» деген болатын. Осы талаптан аудан әкімдігі бүгінгі күні шығып отыр. Атап айтсақ, Қазығұрт ауданында атаулы экологиялық акция барысында тұрақты түрде ауқымды істер атқарылып жатыр. Бүгінгі күні қазығұрттықтар сенбілікке белсене араласып, республикалық және облыстық маңызы бар көше бойларын, елді мекендерде, саябақтар мен скверлерде, мемлекеттік мекеме аулаларында, көпшілік орындарда және тұрғындардың жеке жайларында ағаш бұтау, арам шөптерін жұлу, қоқыстардан тазарту, әктеп-әрлеу сынды жұмыстарды жүргізді. Осы іс-шараның барысымен танысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхамедғали Әшірбаев оң бағасын беріп, белсенді азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, өзі де сенбілікке қатысып, барша аудан тұрғындарын тазалықты қолдауға шақырды. Мұның баршасы отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үндейтін шаралар. Сондықтан, Қазығұрт ауданында тазалық жұмыстары жыл бойында жалғасын табатын болады, - дейді Серік Тұрсынқұлов.
Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров болса, бұл шараның бүгінгі таңда ауқымы кеңейе түскенін айтты. «Мемлекет басшысы Жолдауында елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет. «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал. Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн» деп айтқандай біз ардагерлер кеңесі өзіміз бастап осындай акцияларға бірінші болып шығып келеміз. Осылайша жастарға үлгі көрсетіп, оларды қолдап отыру біздің игі дәстүрімізге айналған, - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров.
Президентіміз «Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек» деп атап өткендей қазығұрттықтар өз қонақжайлығы мен іскерлігін ауданда Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ Медиа» холдингінің директоры Дулат Әбіш бастаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен өлкетанушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Келдібек ата» кесенесінде аудан тұрғындарымен бірге сенбілік өткізген кезде де ұйымшылдықтарын көрсеткен еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхамедғали Әшірбаев, аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, ауданның ерікті жастары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары белсене атсалысты.
Ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаровтың айтуынша, ол сенбілік жұмыстарына 170 адам мен 5 арнайы техника жұмылдырылып, саябақ аумағы күл-қоқыстан тазартылыпты.