Жұмыс қарқыны жоғары, жұмысшыларды көңіл-күйлері көтеріңкі
Фотода Мехмет Акиф
Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта көптеген кәсіпорындар өз жұмыстарын дөңгелетіп істеп жатыр. Индустриалды аймақтағы кәсіпорындар инфрақұрылым жағынан мүлдем қиналмайды. Оларға қажетті газ, су, жарық сынды көптеген коммуналды қызметтер өте арзан бағада ұсынылады. Тиісті ғимараттар ұсынылып, барлық жағдай жасалады. Ең бастысы, кәсіпкер істің көзін тауып, жұмысын дөңгелетіп істеп кетсе болғаны. Мұнда қатардағы жұмысшыларға дейін қажетті қызмет көрсетіледі. Мысалы, жиһаз шығарумен айналысатын «Cordial Turkestan» кәсіпорнында жұмыс істейтін интерьер-дизайнер Мехмет Акиф жұмысы өзіне қатты ұнайтынын айтады.
- Қазір 15 түрлі дизайнмен жиһаз шығарамыз. Түркиядағы фабрикада әлемнің 196 мемлекетіне жиһаз тасымалдайтынбыз. Түркістанда жаслған өнімді Орта Азия мемлекеттеріне тасымалдау жоспарда бар. Қазақстанда 5-6 жыл көлемінде өмір сүремін. Әлде де ізденісте жаңа диван дизайнын жасай беремін, - дейді Мехмет Акиф. Біз одан "Түркия мен Қазақстандағы үй безендіру тенденциялары ұқсас па? Жұмсақ жиһазға деген екі халықтың талабы сіздің көзқарасыңызда қандай?" деп сұрағанымызда ол:
- Сән өнері жиі өзгеріске ұшырап отырады. Елдің сұранысымен санасып жасалған дизайн ғана көңілге қонымды болады. Жас отбасының сұранысы мен шаңырақ көтергеніне біршама жыл болған жанұяның талғамы сәйкес келмейді. Яғни тұтынушының жас ерекшелігі де маңызды рөл атқарады. Үйдің құрылысы табиғат жағдайын ескеріп жасалады. Ал диван моделі үйдің интерніне тәуелді. Жиһазға талғамды аймаққа емес, үйдің құрылысына қарап белгілеген абзал. Заттың сапасының жақсылығы әрқашан трендте. Бұрын әдемілікке баса назар аударатынбыз. Қазір тұтынушыға диван қандай жайлылық сыйлай алатынын ескереміз. Бұл - тек екі елдегі емес бүкіл әлемдегі талғам таразысы. Түркияда әр дизайн 2000 АҚШ долларына бағаланады, - деп жауап берді. Осылайша, олар тек Түркістан қаласының нарығын ғана емес, жақын шетелдерге де өз өнімдерін жөнелтіп, елге табыс алып келуде.
Ал, Барно Абдуллаева есімді тігінші болашағына зор сеніммен қарайтынын айтты.
- Бір күнде 8 сағат еңбек етемін. Жұмыс уақытымда 2 жиһаздың қаптағш материалын тігіп бітіремін ( 1 жиһаз материалын тігуге 3-4 сағат уақыт кетеді). Жиһаз өндірісі маусымдық жұмыс деп алаңдамаймын. Зейнетақы қорына қаражат аударылатындықтан болашағыма сенім бар, - дейді.
Қаланың сыртында орналасқан индустриалды аймақта ғимараттар ғана бар секілденіп тұрды. Бірақ ғимарат ішіндегі өмір басқа. Жұмысшылар әрбір өнімге махаббатпен қарап, жылдам жасау үшін қарбаласта болады.