Кентауда жыл басынан бері 1004 азамат жұмысқа тартылды
Әлемнің көптеген елдерінде белең алған жұмыссыздық мәселесі әлі де күн тәртібінен түспеген, қызуы басылмаған басты проблемалардың қатарында тұрғаны анық. Алайда елімізде жұмыссыздықпен күресу мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, екі қолға бір күрек алып, нәпақасын тауып отырған жандарың қатары артып келеді.
Осы ретте Кентау қаласында жыл басынан бері 1004 жұмыссыз азамат жұмысқа тартылды. Бүгінгі таңда 700 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылып, қаланың тазалығы, көгалдандыру, т.б. салаларында жұмыс жасауда. Қала бюджетінен қосымша қаржы қаралып, жалақы мөлшері қыркүйек айынан бастап 85000 теңге болып белгіленді. Қоғамдық жұмыстарға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуды дәлелсіз себептермен өз еркімен тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыздар ретінде есептен шығарылады және жұмыссыздар ретінде қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткен соң ғана қоғамдық жұмыстарға қайта жіберіледі.
Жұмыс беруші Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес қоғамдық жұмыстарға қабылданған үміткермен еңбек шартын жасасады. Жұмыс беруші қоғамдық жұмыстарға қатысатын адаммен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы ақпаратты Еңбек кодексінде көзделген тәртіппен еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізеді.
Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамның еңбек қызметі кезеңі оның еңбек өтіліне есептеледі.
Айта кетейік, қоғамдық жұмыстар – халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, қызметкерлердің алдын ала кәсіби дайындығын қажет етпейтін, оларды уақытша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызды бағыты бар еңбек қызметінің түрі. Әлеуметтік жұмыс орындарын жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстарға қатысу құқығы:
– жұмыссыздарға;
– жазғы каникул кезінде студенттерге және жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушыларына;
– тұрып қалуға байланысты жұмыспен қамтылмаған тұлғаларға беріледі.