Бала қуанса, әлем қуанады
«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек»,-деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды "Балалар жылы" деп жариялаған болатын.
Осы орайда Түркістан қаласының “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар” бөлімінің ұйымдастыруымен басталған “Мейірімді жүрек” қайырымдылық акциясы бүгінде жалғасуда. Биылғы "Балалар жылына" орай өткен іс-шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев сөз алып, балаларға жылы лебізін білдірді. “Біз мүмкіндігінше қоғамнан қамқорлық күтетін жандарға әсіресе, ерекше жағдайдағы балаларға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал жасауымыз қажет. Алдағы уақытта осындай игі шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп, жалғасын табады”– деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, шарада Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров және қаламыздың бас имамы Жұмадуллаев Мұхамеджан да өз кезегінде осындай қайырымды істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Мұндай шаралар ерекше қажеттілігі бар балаларға серпін береді, өмірге деген қызығушылығын арттыра түседі. Сол себепті оларға барынша қолдау көрсету баршамыздың ортақ парызымыз дейді ұйымдастырушылар. Шара соңында әр балаға бағалы да, өздеріне пайдалы сыйлықтар табысталды.