Сауранда «Сапар» мұражайы кешені ашылды
Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінде «Ғашық Жүсіп ата» музейінің ашылу рәсімі өтті. Аталған шара аясында «Ғашық Жүсіп ата музейі және Иқан Ғұлама ғалымдары мирасы» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Шараға Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев, Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, филология ғылымының докторы, профессор Қ.Ергөбек, мемлекет және қоғам қайраткері Р.Халмұратов, шараны ұйымдастырушы Р.Абдусаттаров сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Сапар» мұражай кешенінде екі мұражай залы, әкімшілік бөлме, қонақтар бөлмесі, демалыс аллеясы бар. Барлық құрылыс және абаттандыру жұмыстары кәсіпкерлердің қолдауымен жүргізілген. Кешен «Ғашық Жүсіп ата» зиярат орнына келетін саяхатшылар үшін сервистік қызмет ету мақсатында салынған. Бұл кешенде көне Иқан тарихы, Ғашық Жүсіп ата өмірі мен мұрасы, ғалым-ғұламалардың тарихы мен мұрасы, жалпы қазақ даласының тарихы туралы ақпарат алуға мүмкіншілік бар.
Шара барысында келген қонақтар «Ғашық Жүсіп ата» кесенесіне зиярат жасады. Одан соң «Сапар» мұражайының ашылу салтанатына қатысып, оның жұмысымен танысты. Кейін «Ғашық Жүсіп ата музейі және Иқан ғұлама ғалымдары мирасы» атты конференцияға жалғасты. Шара соңында ата-бабалар рухына дастарқан жайылып, Құран бағышталды.