Облыста 82 елдімекен интернетке қосылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевелді мекендерді толықтай мобильді байланыспен қамтамасыз етіп, ауылдардағы мектептер мен медициналық пункттерге интернет желісін жеткізуді, сондай-ақ, олардың бағасын қымбаттатпауды тиісті сала басшыларына тапсырған болатын.
Президенттің тапсырмасы аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен облыс бойынша 82 елдімекен интернетке қосылды. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарма басшысының мәлімдеуінше, Қазақстанда алғаш рет Түркістан өңірінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша ауылдарда талшықты-оптикасын пайдалану іске асырылды. Былтырғы жылы 82 ауылдық елді мекенді интернетке ауа арқылы радиомост технологиясымен қосты. Бүгінде осы 82 ауылдық елдімекен тұрғындары мен 6000-ға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернетті пайдалануда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, биыл интернетке 736 тұрғын үй қосылса, алдағы уақытта осы тетік арқылы 30 мыңға жуық тұрғын үй мен 150 мыңға жуық тұрғынды қосу жоспарлануда.
Еске сала кетсек, бүгінде Түркістан облысы аумағында 838 ауылдық елдімекен бар. Аудан, қала әкімдіктерінің талдау және анализдеу ақпараты нәтижелері бойынша 642 елдімекендегі 1 753 012 тұрғын сапалы интернетпен қамтылған, бұл – жалпы облыстың 73,7 пайызы. Онда 441129 оқушы 3G және 4G мобильді желісімен қамтамасыз етілген, 123 ауылдық елді мекенде 63 мыңға жуық оқушы 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген.
Интернет сапасының артуы, әрине, еліміздің елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуіне, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға өз септігін тигізбек. Бүгінгі таңда өңірдің білім, денсаулық сақтау, көлік-коммуникация және қауіпсіздік саласын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласымен қатар, жер қатынастары, мәдениет, архитектура саласы да цифрландырылу жүйесімен қамтылып жатыр.