Аналар ақ орамалды дәріптеп жүр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді" деп атап өтіп, ұлттық құндылықтарды сақтауға, салт-дәстүрді дәріптеуге аса мән беру керектігін айтқан болатын.
Еліміздің ұйытқысы саналған Түркістан облысы салт-дәстүрге берік өңірлердің бірі. Мұнда Президент айтқандай ұлттық ққндылықтарды қорғау, насихаттау жұмыстары ерекше қолға алынған.
Халқымызда ақ орамалдың орны ерекше. Осы орайда, өңірде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім” мекемесінің қолдауымен және Түркістан облыстық ҚХА жанындағы "Аналар кеңесінің" атсалысуымен "Ақ орамал" акциясы ұйымдастырылды.
Қазақ қоғамы үшін ақ жаулықты ананың рөлі қашанда жоғары. Айналаға аналық мейірім-шапағаттың нұрын сепкен, ұрпаққа тәлім мен тәрбие берген акцияның мәні де, маңызы да ерекше. ҚХА жанындағы Түркістан облыстық "Аналар кеңесінің" төрайымы Гүлсара Төлебекқызы бастаған барша ақ жаулықты аналар Түркістан қаласының көпшілік орындарында әуелетіп ән салып, қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп күй шертті. Ардақты аналардың өнеріне жұртшылық тәнті болды.
"Ырымдардың бірі ретінде араша үшін ортаға орамал тастау ишарасын айтуға болады. Бұл көбіне қыз, жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде болған. Бұдан бөлек, басқа да келеңсіз жағдайлардың кесірінен туындаған ағайын арасындағы тартыс кезінде, тіпті, бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар барысында беделі жоғары, сыйлы аналар қостарапты арашалап, бейбіт келісімге, мәмілеге келуге шақыру мақсатында орамалын ортаға лақтырған. Ал, ананы сыйлайтын, ақ жаулықтың қасиетін бағалайтын ер азаматтар оны аттап өтуді ар санап, оның киесінен тайсақтап, қара күшке емес, сөзге жүгініп, келісімге келген. Оған қоса, қыз баланы келісімсіз алып қашқан кезде де осы ғұрыпты көп аналарымыз пайдаланған",- дейді Гүлсара Төлебекқызы.
Шара барысында болашақ ана болар бойжеткен қыздар өздерінің қос бұрымын өріп, ата-баба салтын көрсетіп, көпшілік ықыласына бөленді.
Игі шараны ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің талбесігіне айналған Түркістан халқы жылы қабылдады. Аталған акцияға үлкен-кіші түгел қатысты. Ақ жаулықты әжелер "Ақ кимешекті кір шалмасын" деген ақ ниетпен кимешек киіп, әдемі кештің әрін келтірді.
Акция шеңберінде аналар қауымы көшедегі жүздескен аналарға ақ орамал сыйлап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді. Бұл бағыттағы "Аналар кеңесінің" игі шарасы алдағы уақытта да жалғасады.