Солтүстіктегі түркістандық жастармен кездесу өтті
Биыл еліміздің мектеп бітіруші түлектерінің 3653-і "Серпін" бағдарламасы арқылы солтүстік өңірге оқуға құжат тапсырған. Ал, «AMANAT» партиясы "Jastar Ruhy" Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының өкілдері "Серпін" бағдарламасы арқылы Қостанай облысына оқуға түскен түркістандық жастармен кездесті. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік Университетіне қарасты Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтында өткен жиынға 50-ге жуық білімгер жиналды.
Кездесу еркін диалог форматында өтті. Түркістан облысы аумағында "Серпін" бағдарламасы кеңінен насихатталып жатқанын айтқан Жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман :
- Аталмыш бағдарлама туралы мектеп бітіруші жас түлектерге кеңінен түсіндіруге тырысудамыз. Өйткені, Түркістан облысы жастар саны жөнінен донор аймақ. Мұндағы орта мектепті бітірген түлектердің бір парасы оқуға түссе, қалғаны әскерге кетеді немесе еңбекке араласады. Ал, өзгелері NEET санатында. Оған қоса, бұған дейінгі жылдары жобасы аясындағы көптеген гранттар мемлекетке кері қайтарылды. Мәселен, 2020 жылы аталмыш жобаның 4 мыңнан астам гранты игерілмей қалды. Баспасөз беттерінде бағдарлама туралы кейбір проблемалы ақпараттар тарап жатады. "Серпіндіктермен" жолығып, мәселелерімен танысуды жөн деп таптық,- дейді.
Ашық сұхбат барысында жастар жаңа жатақхана құрылысының кешеуілдеп жатқаны және қазіргі таңда ескі студенттер үйіне орналасқандары мәлім болды. Дегенмен, оқу ордаларындағы педагогикалық құрамның сапалы екендігін атап өтіп оң бағалады. Кездесу соңында бағдарлама арқылы білім іздеп келген жастар оқуын тәмамдаған соң солтүстік аймақта 3 жыл жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.