Бадырақов ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді
Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде: қаңтар-қыркүйек айларындағы бюджеттің орындалуы, құрылыс жұмыстарының барысы және Қажымұқан ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Тиісті бөлім басшылары, ауыл округ әкімі баяндама жасап, өздерінің салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және шешімін таппай жатқан мәселелер туралы баяндады. Өз кезегінде аудан басшысы Н.Бадырақов тиісті орынбасарларына, ауыл әкімдеріне, бөлім басшыларына келесідей тапсырмалар жүктеді:
- Өндірілмеген салық қарыздарын, оның ішінде жеке көлік құралдарына салынатын салықты тиісті мекемелермен бірлесіп шаралар өткізу арқылы тездетіп өндіру;
- Шұбарсу е/м электрлендіру жұмысын жандандыру, мердігерлермен кездесу арқылы екі ауысыммен жұмыс жүргізуді пысықтау, 2022 жылдың 1 қарашасына дейін бірқатар (дайын болған) абоненттерді қосу;
- Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алу және тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайсыздық тудырмауды қадағалау;
- Газ тартылған әр көшенің картасын жасап, ұсыну;
- Ауыз су тартылып, құбырлар көмілген жерлердің тегіс болуын қадағалау;
- Құрылысы аяқталуға жақын ауыз су нысандарын 1-қарашаға дейін тексеріп, елді мекендерге су беруді қамтамасыз ету;
- Жарықтандыру жұмысын жандандыру;
- Күн суымай тұрып газ барған елді мекендердегі барлық тұрғынның үйіне 15 қазанға дейін газдың кіргізілуін қатаң қадағалау;
- Аудан орталығындағы (кейбір) тұрғын үй және қосалқы шаруашылық үшін берілген жер телімдерінің заңдылығын қарау;
- Жыл соңына дейін тапсырылатын нысандардың ауыл тұрғындарының қатысуымен қабылдауды қамтамасыз ету.