Ордабасыда екі медициналық нысан салынуда
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында "Ауыл - ел бесігі" жобасы аясында екі фельдшерлік-акушерлік пунктың құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның біреуі Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылында бой көтеріп жатса, екіншісі Төрткөл ауылдық округіндегі Қызылжар елді мекенінде салынуда.
Аталған екі әлеуметтік нысанның құрылысы осы жылдың маусым айында басталған. Құны 100 миллион теңгеден астам, қабырғалары күйдірілген қыштан салынып жатқан фелдшерлік акушерлік пунктер жылдың аяғында, яғни қазан айында ел игіліне беріледі деп жоспарлануда.
Жалпы, Ордабасы ауданында 52 емдеу мекемесі бар болатын болса, соның 22-сі фельдшерлік-акушерлік пункт. Келесі жылы осындай медициналық нысандар Дербес, Ықыластемір және Төреарық елді мекендерінде салынады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда олардың мемлекеттік сатып алу конкурсының тиісті процедуралары жүруде.
Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша қанша жұмыс орны құрылып, қанша мектеп пен аурухана, қанша шақырым жол салынуда, ауылдық елді мекендер газбен, сумен қамтылуда, жоба аясында ауыл шаруашылығы саласында орта және шағын бизнесті дамыту үшін шаралар қолға алынуда.