Партия өкілдері тұрғындардың уәжіне құлақ асып жүр
Елді мекендердің мәселелерін зерделеу және тұрғындардың уәжін тыңдау мақсатында «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалдары көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізуде. Көп жағдайда ауыл тұрғындары аудан немесе қала орталықтарына баруға мүмкіндіктері болмай жатады. Осы себепті партия филиалдарының көшпелі қоғамдық қабылдауларына жауапты бөлім басшыларын қатыстыра отырып, проблеманың мән-жайымен толық таныстыру және азаматтармен бетпе-бет жүздестіру көзделген.
Мәселен, Сайрам ауданында өткен қабылдауда Ақсукент ауылындағы көшелерді асфальттау мәселесі талқыланды. Иманалиев көшесінің тұрғындарымен кездесуге аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Әбдіқадыров және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймырза Омарбекұлы арнайы барды. Азаматтардың жол сапасына байланысты шағымы тыңдалып, нақты жауабы кездесу барысында хабарланды.
Еске салсақ, тамыз айының соңында «АМАNАТ» партиясы Сайрам аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтың жеке қабылдауы өтіп, осы ұсыныстар назарға алынған болатын. Жуырда аталған көшеге асфальт жол салу үшін дайындық барысы басталды. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Шымкентдорстрой» ӨК» ЖШС-і бірқатар жол бөліктеріне тас төсеу шараларын жүргізуде.
Атап өтерлік, «AMANAT» партиясының Сайрам ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес ұзындығы 7 шақырым, ені 7 метрді құрайтын аудандық маңызы бар КХ-36 «Аксу-Көмешбұлақ» автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Аталған жол Жібек жолы көшесінен басталып, Иманалиев көшесі арқылы Әйтеке би ауылына дейін жалғасады. Аталмыш көшенің жол құрылысына аудандық бюджеттен 919 млн.теңге қаржы қаралған. Дегенмен бөлінген қаражат пен жөндеу жұмыстары келесі жылға өтпелі. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер үшін арнайы тротуарға 1.5 метр орын қалдырылып, су ағатын науалар орнатылатын болды.
Көшпелі қоғамдық қабылдау Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Оны аудандық мәслихат депутаттары Асқар Қайназаров және Феруза Ахмедова жүргізіп, ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдады. Қабылдауда қашыртқы және ауыз сумен қамту, жаңа мектептер салу мәселелері қозғалды. Оның ішінде Әлкен Оспанов ауылына жаңа мектеп салынып, балалардың жолдан өту қаупі бақылауға алынса деген өтініш білдірілді. Халық қалаулылары мәселелерді анықтап, олардың шешілуіне дейін жұмыс жасауға уәде етті.