Бәйдібекте ішкі көшелер жөнделуде
Көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында елімізде 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген болатын.
Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында жалпы 52 көше бар. Жоба аясында аталған 52 көшенің ішінде бірқатар ішкі көшелерді асфальттау жұмыстары басталды. Шаян ауылындағы Т.Тасболатов, Мүсірепов көшелеріндегі ұзындығы 2,5 шақырым жолға асфальт төселіп, көше қиылыстарындағы 5 жерге арнайы ағын су ағатын құбырлар орнатылса, аталған екі көшеден бөлек Мыңбұлақ көшесіндегі ішкі жолға жолға асфальт төселді.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марат Енжанов, Шаян ауылдық округінің әкімі Айнұр Әуелбекова асфальт төселген көшелерді аралады. Аралау барысында Бағдатбек Жанғазиев ауыл әкіміне ағын су ағатын құбырлар орнатылған көшелердің бойындағы арықтарға тұрғындарды қатыстыра отырып сенбілік ұйымдастырып, тазалау жұмыстарын жүргізуді, жауапты бөлімге кіші көшелердегі асфальт төсеу жұмыстарының сапасына қадағалау жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағытында екі міндет көзделген. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Атап өтсек, ішкі көлік желісін дамыту бағдарламасы аясында он бір мың шақырым республикалық маңызы бар, жиырма жеті мың шақырым жергілікті жолдарды жаңадан салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылға дейін атқарылатын осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады. Сонымен бірге, қолға алынған жоба аясында Ұлттық стандартқа сәйкес, автокөлік жолдарының бойына екі жарым мыңға жуық сервистік нысандар салынады.