Түлкібаста үш ауысымдағы мектеп жоқ
1 - қыркүйек барлық білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алатын күн.Осы орайда,Түлкбас ауданына қарасты барлық орта білім беру ошақтарында «Білім күні» мерекесіне орай алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтті.
Мерекеге орай аудан әкімі Нұрлан Байғұт пен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Қадырбек Майтөбе елді мекеніндегі Ю.Гагарин атындағы мектепке табан тіреп, оқушылар мен ата-аналарды және ұстаздар қауымын атаулы мерекесімен құттықтады.
Аталған білім ошағында 962 оқушы білім алса, биылғы жылы 101 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғашқы рет аттап отыр.
Салтанатты шараның ашылуында сөз алған аудан әкімі мектеп есігін жаңадан ашқан бүлдіршіндерімізді алғашқы білім күнімен құттықтап, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында қажырлы, жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында сәттілік, әр бір шығармашылық бастамаларына табыс тіледі.
Шара жалғасы ән-шашуға ұласып, мектеп оқушылары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өлен шумақтарын мәнерлеп айтып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Сонымен қатар, мектептің басқа да жас өнерпаздары өз өнерлерін көпшілікке паш етті.
Мамандардың айтуынша бүгінгі таңда аудан аумағындағы 60 жалпы орта білім беру мекемелерінде 23 мыңнан астам бала білім алуда. Үш ауысымдағы мектеп жоқ. Соның ішінде, биылғы жаңа оқу жылында 2379 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Айта кетейік, Түлкібас ауданына қарасты барлық орта білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылының шымылдығы «Білімге ұмтылу, еңбек сүйгіштік және отаншылдық» атты тақырыптағы ашық сабақтар легімен бастау алды. Еркін форматта Ю.Гагарин атындағы білім ошағында өткен тәрбие сағатына аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы қатысып, ел болашағы жастармен еңбекқорлық, іздемпаздық сынды тақырыптарда әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында оқушылар тарапынан аудан басшысына сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді. Оқушылармен сұхбаттасқан Нұрлан Мархабатұлы өмірде ең бастысы ерінбей еңбек етіп, алға қойған мақсатқа ұмтылу керек деді. Сондай өмірлік ұстанымды ұстанған жандар ғана биік белестерді бағындырып, армандарына қол жеткізетінің атап өтті.
Мектеп оқушылары мен ұстаздар мектепке арнайы ат басын бұрып келген аудан әкіміне алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. Тиісінше, аудан әкімі өмір жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жас буын өкілдеріне ақыл-кеңесін берді. Содан соң, аудан басшысы аталған білім мекемесі оқушыларының өз қолымен жасаған қол өңер бұйымдарының көрмесін тамашалап, оқушылармен естелікке суретке түсті.