Сарыағашта жол жөндеу жұмыстары жалғасуда
Биыл Сарыағаш қаласы аумағында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде Сарыағаш қаласы, Көктөбе және Телемұнара мөлтек аудандары тұрғындарының бірнеше жылдан бергі өзекті мәселесіне айналған көшелерге де асфальт жамылғысы төселуде.
Атап айтсақ, облыстық бюджет есебінен былтырғы жылы басталған Оразалы ата, Қызылорда, Телемұнара, Т.Оспанов, Жеңістің 45 жылдығы, Өндіріс, Шымкентбаев, Ақтөбе, Ортатөбе, Сарайшық, Арал, Қошқарбаев, Нұр көшелерінің жалпы ұзындығы 14,2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, тұрғындар игілігі үшін пайдалануға беріліп отыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Өркениет, Келешек, Асаубаев, Талас, Күлтегін, Өзкент, Сандыбаев, Достар, М.Ауезов, Қарқаралы, Ортатөбе, Тайтөбе, Зайсан, Жетіқара, Орталық, Аспара, Аққұм, Ақжайық көшелерінің жалпы ұзындығы 12 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал аудандық бюджет есебінен қала аумағындағы жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық көшелердің үлесі едәуір артатын болады.
Айта кетейік, аудандағы жол жөндеу жұмыстары 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. Жобаның мақсаты - көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағытында екі міндет көзделген. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Атап өтсек, ішкі көлік желісін дамыту бағдарламасы аясында он бір мың шақырым республикалық маңызы бар, жиырма жеті мың шақырым жергілікті жолдарды жаңадан салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылға дейін атқарылатын осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады. Сонымен бірге, қолға алынған жоба аясында Ұлттық стандартқа сәйкес, автокөлік жолдарының бойына екі жарым мыңға жуық сервистік нысандар салынады.