«AMANAT AQYLMAN» жобасы Арыстан бастау алды

Oinet.kz 27-08-2022 270

Screenshot_73.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Осы ретте Түркістан облысында зияткер жастарды біріктіретін жаңа жоба іске қосылды. «AMANAT AQYLMAN» - ораторлық мәдениет пен азаматтық танымды дамыту, толеранттық тәртіпке баулу, жастар арасындағы қарым-қатынасты нығайту бағытындағы интеллектуалды ойын алаңы. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен және «Jastar ruhy» жастар қанатының ұйымдастыруымен жобаның тұсаукесері Арыс қаласында өтті. 

Жиынға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, Арыс қалалық филиалдың Атқарушы хатшысы Бақтығали Ділдәбеков, аудандық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев, қалалық әкімдіктің аппарат басшысы Талғат Анашбеков, облыстық  «Jastar ruhy» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман және белсенді мүшесі Олжас Мамыр, қалалық «Жастар ресурсутық орталығы» КММ-нің басшысы Мөлдір Сарыпбекова қатысты. 

- Ең алғашқы ойынды теміржолшылар қаласынан бастауды ұйғардық. «AMANAT AQYLMAN» - интеллекті, мәдениет, өзара қарым-қатынасты дамытатын, шапшаңдық, тапқырлық және жан-жақтылықты дағдыға айналдыратын,  танымдық көкжиегін кеңейтетін жастар ордасы болмақ. Біз жастармен кездескенде пікірлерін тыңдап, ой алмасамыз. Тиімді жобалары болса, ұсынуларын айтып жүреміз. Басым бөлігі білім бағытын қолға алуды сұрайды. Бұл сұраныс бізді де қуантты. Осылайша партияның облыстық филиалы тарапынан жаңа жобаны өткізу идеясы туындады. Бастауыш партия ұйымдарына қайтарылған 20 пайыз жарна аясында осы секілді жобаларды жүзеге асырамыз. Ал, «AMANAT AQYLMAN» өңіріміздің барлық аудан, қаласында өткізіледі. Жеңімпаздар облыс орталығы Түркістан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алып, бақ сынайды. Жыл соңында кіл мықтыны анықтаймыз. Бүгінгі ойында белсенділік танытып, қатысқандарыңызға алғыс білдіреміз, - деді Бейсен Дәулетұлы. 

Әр команда 5 адамнан құралды. Ойынға 9 топ қатысып, 4 кезең бойынша сайысты. Қатысушылар қала тарихы, өнер саласы, партиялық жобалар мен мемлекеттік басқару және логикалық сұрақтар қойылды. Тартысқа толы интеллектуалды ойын қорытындысы бойынша «Үздік топ» номинациясы бойынша бастауыш партия ұйымдарынан құралған «Жарқын болашақ» командасы марапатталса, «Көрермен көзайымы» номинациясын ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары біріккен «Аламан» тобы иемденді. 

«AMANAT AQYLMEN» интеллектуалды ойынында алға озған 3 жеңімпаз анықталды. 3-орынды қалалық әкімдіктің мамандарынан құралған «Ел тірегі» командасы иеленсе, 2-орыннан құрамында  партия қызметкерлері және депутаттары бар «Парасат» тобы көрінді. Қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұжымынан құралған «Болашақ» командасы 1-орынды қанжылап, жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер қаржылай және арнайы сыйлықтармен марапатталып, Арыс қаласының әкімінің алғыс хаты табысталды. 

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту көзделуде
Ауыл аралаған әкім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу