Ауыл аралаған әкім
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Президенттің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында Бірлік ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімімен кездесу барысында тұрғындар тарапынан ағын су, ортақ жайылым, спорт зал, жол, электр жарығы мәселесі айтылды.
Нұрбек Бақтыбайұлы Теспе көлі арқылы ауылға келетін ағын судың аздығы мәселесін шешу үшін салалық бөлім басшысына бір апта көлемінде каналдар мен су жіберу құрылғыларына жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Кездесуде көтерілген мал жайылымы бойынша аудан басшысы тиісті мекеме жауаптыларына Бадам орман шаруашылығына қарасты өзен жағалауындағы жерлерді заң аясында саралап, тез арада ортақ жайылымға қайтаруды міндеттеді.
Сондай-ақ аудан әкімі балалардың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы шарт-жағдай жасау үшін алдағы уақытта стадион мәселесін саралап, облыстық басқармаға өтінім беретіндігін жеткізді.
Аудан әкімі сондай-ақ кезекті сапарында Теспе ауылына қарасты Теспе көлінің маңында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Тұрғындармен еркін форматта өткен кездесуде ауыл шаруашылығы, электр жүйесі, газдандыру, ортақ жайылым жөнінде мәселе көтерілді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша ауылдағы электр бағаналары соңғы рет Кеңестер Одағы тұсында ауыстырылған. Осы мәселені аудан басшысының алдында айтқан ауыл ақсақалдары, салаға жауапты мекеменің жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.
Өз кезегінде аудан басшысы «Оңтүстік Жарық» мекемесіне тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпелерді уақытылы ретке келтіруді міндеттеді.
Сондай-ақ, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаковқа 2018 жылы құрылысы жүргізіліп тоқтап қалған газдандыру жұмыстарын қайта бастап, күз айына дейін ауылды газдандыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Ал, ауылдың атыз-арығына ағын су жүргізу үшін көлден бөлінген каналдарды механикалық тазалаудан өткізуге арнайы техника қарастырып, жұмысты жуық арада бастайтындығын айтып өтті.
Ауылдарды аралауға шыққан әкімнің келесі аялдамасы Бөржар ауыл округіне қарасты 150 тұрғыны бар шалғайдағы Қалаш ауылы болды. Ақжол ауылынан 10 шақырымдай қашықтықта орналасқан ауылдағы ең басты мәселе - ауылға баратын жолды асфальттеу.
Аталған мәселе бойынша аудан басшысы бұл жол бөлігін орташа жөндеуден өткізу туралы бюджетке өтінім беріліп, қаржысы шешілген жағдайда сапалы жол салынатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, Нұрбек Бақтыбайұлы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мақсатында мемлекеттен төмендетілген 5 пайызбен (2023 жылдан бастап 2.5 пайыз) несие алуға қолдау көрсететіндігін айта келе шаруаларды шағын отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашуға шақырды.
Ауыл азаматтарын жұмыспен қамту үшін де аудан көлемінде зауыт құрылысын жүргізуге, өндіріс орындарын ашуға ниетті кәсіпкерлерді осы ауылға бағыттау арқылы да жұмыссыздықпен қатар жол мәселесін шешуге болатындығын тілге тиек етті.
Бөржар ауыл округіне сапары барысында аудан басшысы бірқатар ауыл шаруашылық алаңдары мен өндіріс орындарын аралап, жұмысымен танысты. Әуелі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойында орналасқан «Бал-Кәусар» ЖШС-нің 10 гектар алқаптағы жүзім бауында болып, шаруашылық төрағасымен пікірлесті.
Нұрбек Бақтыбайұлы кәсіпкерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізіп, Темірланға кіре берістегі Қарауылтөбе аумағын жасылдандыруға ұсыныс айтты. Өз кезегінде кәсіпкер азамат бұл бастаманы дамытуға дайын екендігін жеткізді.
Онан соң, аудан басшысы халықаралық авто дәліз бойындағы «Қазақ-Ет» ЖШС-не тиесілі 100 гектарлық павловния бауымен танысты. Ауданның жасыл белдеуін қалыптастыру мақсатында аталған ағаш көшеттерін аудан орталығы мен ауылдарға отырғызуға дайын екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, аудан әкімі жеке кәсіпкер М.Утеповтың 500 бастық мал бордақылау алаңымен танысып, шаруашылық басшысын алда ауданда ашылатын заманауи мал бордақылау кешеніне мал басын саудалауға шақырды.