Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту көзделуде
Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаппай жаңарту – өзекті мәселе. Осыны ескерген мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысында бірқатар шаруалар атқарылуда.
мамандардың мәліметінше Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында 23 мыңнан астам техника бар. Алайда олардың 30%-ның тозығы жеткен. 2023 жылы 1300-ге жуық жаңа техника сатып алу жоспарлануда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мәжілісінде айтылды.
Жиынға өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Нұрмаханов, облыстық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов, кәсіпкерлік және сауда басқарма басшысының орынбасары Самат Көшкінбаев және кеңес мүшелері қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде 9 мәселе қаралды. Облыста кәсіпкерлік бағыты бойынша жалпы өңірлік өнімде шағын және орта бизнестің үлесін 24%-ға жеткізу жоспарланған. Көрсеткіш 26%-ға артып, меже артығымен орындалған. Осылай деген Самат Жандарұлы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады:
- Соңғы 7 айдың ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің саны 15 мыңға артып, 160 мыңға жетті. Өңіріміз республика бойынша үшініш орында. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы арқылы қазірге дейін 327 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша өңіріміз республика көлемінде алдыңғы қатарда. Ал, «Бизнестің жол картасы-2025» негізінде 603 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде 385 жоба 6%-дық несие алды. Оған қоса ірі кәсіпкерлердің көмегі арқылы стартаптарды қолдау мақсатында «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алған еді. Жоба шеңберінде 20 стартаптың жүзеге асуына менторлар демеушілік танытты,-деді ол.
Отырысқа қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Үсенбекұлы күзгі егістік науқанына дайындық барысы және ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту мәселелерінің шешілу барысын тарқатып айтты. Қаңтар – шілде айларына ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 338,9 млрд. теңгені құрап, 104,4 % артқан. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы өнім көлемі 121 % ұлғайды. Ал Республикадағы үлесі 14,2 % , яғни 1-орында.
Кеңес мүшелері көктемде дихандарға қажетті тыңайтқыштар дер кезінде жеткізілмегенін айта келе, келесі жылы егістік науқанына дайындық қалай жүргізіліп жатқандығы туралы сауалда қойды.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше қазіргі таңда тыңайтқыш өндірушілер мен сатушылар тарапынан 58,2 мың тонна минералды қоспалар облыс аумағына жеткізілген. 6776 агроқұрылым мемлекет көрсететін көмекке ие болған. Сондай-ақ жиын-терім үшін мемлекет тарапынан 48 мың тонна жанар-жағар май бөлініп, 10 мың тоннасы тауар өндірушілерге берілген. Айта кетерлік, жанармай бағасы нарықтық бағадан төмен, яғни литрі 200-202 теңгеден беріліп, шаруаларды дизельмен қамтамасыз ету жұмыстары кедергісіз жүзеге асуда.
Е.Нұрмаханов қаралған мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлер назарға алынып, тиісті шешімдер қабылданатынын айтып жиынды қорытындылады.