Сан емес сапа маңызды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы жағдай жасау керектігін алға тартып келеді. Бірінші кезекте тұрғындардың инфрақұрылым, коммуналдық мәселелері шешімін табуы тиіс. мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында ішкі көшелер реттеліп келеді.
Жақында Төлеби, Қазығұрт аудандарында жөндеуден өтіп жатқан нысандарға мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекеме басшылары және Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Б.Ибрагимовтың басшылығымен аралау жүргізілді.
Ағымдағы жылы Төлеби, Қазығұрт аудандарында жалпы 157,5 шақырым жол мен 1 көпірге жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Төлеби ауданы аумағында ұзындығы 79,5 шақырымды құрайтын 6 жолға орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Оның ішінде Диханкөл-Қасқасу-Зертас (КХ-82 автомобиль жолы 36 шақырым) бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстары бастау алып жатса, Қасқасу демалыс аймағы (КХ-93, КХ-31 автомобиль жолдары 11,85 шақырым), Біркөлік (КХ-170 автомобиль жолы 10,2 шақырым), Жыланбұзған-Абай (КХ-11 автомобиль жолы 16,9 шақырым), 1 Мамыр-Алғабас (КХ-29 автомобиль жолы 8,6 шақырым) бағытындағы жолдарда жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 35 шақырым немесе 4 нысан толық пайдалануға беріледі.
Қазығұрт ауданы бойынша ұзындығы 78 шақырымдық 5 жол және 1 көпір орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Олар, Жаңабазар-Жылыбұлақ (КХ-29 а/ж 6 шақырым), Қазығұрт-Тұрбат (КХ-48 автомобиль жолы 21,1 шақырым), Айнатас-Қақпақ (КХ-45 автомобиль жолы 17,6 шақырым), Сынтас-Қаржан (КХ-47 автомобиль жолы 18 шақырым), Ордабасы-Ақжар (КХ-17 автомобиль жолы 15,3 шақырым) бағытындағы жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.
Сонымен қатар, Қазығұрт-Тұрбат бағытындағы «Келес» өзені үстінен өткен көпірдің жағалаулары ағымдағы жөндеу жұмыстары есебінен қалпына келтірілуде. Жыл соңына дейін нысандар толық халық игілігіне берілетін болады.
Аралау барысында нысандардағы жұмыстардың сапалы және жобаға сәйкес атқарылуы қатаң бақылауда болуы қажеттігі ескертіліп, нысандардағы өзекті мәселелер тиісті шешімдерін тапты.