Мәжіліс депутаты жастармен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастар мәселесіне айрықша басымдық беріп, үнемі назарда ұстап отырады. Осы ретте Отырар ауданында жастар саясаты ойдағыдай жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абасов Қайнар Бегалыұлы Отырар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аудан жастарымен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде еліміздегі жастар саясатының жүзеге асуы кеңінен талқыланды. Аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов ауданда жастар саясаты назардан тыс қалмағанын айта келе, талантты, дарынды жастарды қолдау шаралары бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Басқосуда өзінің балалық шағынан бастап, қызметтегі алғашқы жұмыс күндерін еске алған депутат жастардың бойынан адалдық, парасаттылық пен әділдік секілді қасиеттердің жалындап тұруы керектігін айтып өтті.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов аудан жастары еліміздің барлық жерлерінде жастар саясатын жүзеге асыратын жастар ресурстық орталықтарындағы мамандардың белгілі бір бағыты айқындалмағанын, сондай-ақ айлық жалақысы төмен екенін айтып, осы мәселені республикалық деңгейде көтеріп, бір шешімін табуға қолдау көрсетсеңіз деген ұсынысын жеткізді. Халық қалаулысы айтылған ұсыныстар ескеріліп, заңдылығына қарай жұмыс жасайтынын атап өтті.
Сонымен қатар ауданға іссапар барысында Қарақоңыр ауыл округіне барып тұрғындармен кездесті. Кездесуде тұрғындар білім беру, әлеуметтік көмек алу, медициналық қызмет, жұмыссыздық, жайылымдық жер секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Аталған мәселелер бойынша мәжіліс депутаты Қайнар Бегалыұлы әр сұраққа толыққанды жауап беріп, оны шешу бойынша тиісті жұмыс атқаратынын айтты.
Бүгінде елімізде түйе өсіріп, шұбат өңдеу үрдісі кең етек алған. Стандартқа сай экологиялық таза өнім өндіру бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Ал бәсеке болған жерде сапа болары анық. Солардың бірі Шілік ауылындағы «Гүлмайра» шаруақожалығы. Кәсіпорын шұбатты «Отырар Шұбаты» сауда белгісімен шығарып келеді. Мұнда тәулігіне оған қоса 750 литр қымыран өндіріледі. Бір айда сүт өнімінің жалпы көлемі 22 тоннаны құрайды.
Депутат аталған шаруа қожалықта болып, шаруа қожалықтың қызметкерлерімен жүздесіп, жұмысымен танысты. Қожалық иесі Мұстафин Оразәлі: «Тапсырыс күннен күнге артып келеді. Шымкент, Алматы, Қызылорда секілді облыс орталықтарына өткіземіз. Сонымен қатар, көршілес мемлекеттерден де тапсырыстар келіп тұрады»,-деп атап өтті.
Кездесу соңында мәжіліс депутаты Абасов Қайнар Бегалыұлы Отырар ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан халқы тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер назарында болатынын жеткізді.