Кәсіптің көзін тапты
Отырарда мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашқандар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, Шытты ауылының тұрғыны Мақсат Арқабаев 2019 жылы «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, сертификат иесі ретінде өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап шыққан. Тиянақты жасалған бизнес жобасына кәсіпкер 252 500 теңге қайтарымсыз грант алып, тігін шеберханасын ашып өз кәсібін бастаған.
Кешегі бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде бетперде тігіп халыққа тегін ұсынған кәсіпкер тігін тігуден бөлек, ұқыптылық пен асқан төзімділік, сыр алдырмас сабырды қажет ететін қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысады.
- Мемлекет тарапынан қолдау тауып, жаңаша кәсіп бастадым. Мен ұсынатын қызмет өте қолайлы. Бүгінгі таңда тапсырыстар күн сайын артып келеді. Осының барлығы адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесіндегі жетістіктер. Сондықтан, өзім секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға қай істе болсын табандылық таныту қажет дер едім,– дейді кәсіпкер Мақсат Құралбайұлы.
Кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытқысы келетін айтады.
Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап халықты кәсіпкерлік дағдыларға оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған «Бастау Бизнес» жобасын іске асыып келе жатыр. Жобаға қатыса алатын адамдар тізімін нақтылай кетсек. Олар ауылдық елдімекендерде, қалаларда, оның ішінде моно және кіші қалаларда тұратын адамдар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар, егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе, не олардың денсаулығына және басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмесе, зейнеткерлік жасқа жетпеген елу жастан асқан адамдар, жастар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтері, қоныс аударушылар және оралмандар және жаңадан бизнес ашқан азаматтар қатыса алады.