Ауылдағы ағайынның жағдайымен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абасов Қайнар Бегалыұлы арнайы жұмыс сапарымен Отырар ауданында болды. Қонақты аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов пен аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай, күтіп алып, ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен таныстырып өтті.
Халық қалаулысы алдымен Балтакөл ауыл округіндегі тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы қияр егіп, мол өнім алған «Әсілбек» шаруа қожалығын аралап көрді. Ондағы қайнаған жұмыс үстінде жүрген шаруалар тарапынан тыңайтқыш, ағын су және субсидияға байланысты мәселелерді сөз етті. шаруа қожалығының жетекшісі А.Өсеров 2 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын тиімді пайдаланып, қияр егумен айналысады. Аталған шаруа қожалығы жергілікті 2 тұрғынға жұмыс тауып беріп отыр. Мұнан соң олар аталған елді мекендегі «Батырбек» тары өндіру цехына барды. 2016 жылы өз жұмысын бастаған цех жылына 2,5 тонна тары өндіруде. Цех иесі, кәсіпкер С.Батырбеков жергілікті 2 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Қос нысанның жұмыс барысымен танысқан Қайнар Бегалыұлы кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдауларды тиімді пайдалану қажеттігін және проблемалары болса жазбаша негізде жолдауларын айтты.
Депутат жұмыс сапары барысында Маяқұм ауыл округіне барып тұрғындармен, ауыл қарияларымен кездесті. Кездесуде тұрғындар әлеуметтік көмек алу, медициналық қызмет, жұмыссыздық, жайылымдық жер, суғармалы жерді игеру секілді бірқатар мәселелерді көтеріп, Қайнар Бегалыұлы әр сұраққа толыққанды жауап беріп, оны шешу бойынша тиісті жұмыс атқаратынын айтты. Маяқұмдық ақсақал И.Алдияров «Ауыл тұрғындары үшін жұмыс көзі аз екені рас. Қазір көбі қоғамдық жұмыс істеуде. Дегенмен, жалақысы аздау. Осы мәселені өзіңіз көтерсеңіз. Сондай-ақ, біздің елді мекенде жол мәселесі де өте өзекті» деді.
Кездесу соңында аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов ауданымызға арнайы атбасын бұрып, шаруалар мен халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған мәжіліс депутаты Абасов Қайнар Бегалыұлына аудан халқы атынан шынайы ризашылығын білдірді.