Жастар экоакцияға белсене қатысты
Туған жердің тұмса табиғатын көздің қарашығындай сақтап, өлкенің экологиялық тазалығына атсалысу әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан Отырар ауданы жастарының ұйымдастыруымен «Таза аудан» атты экоакциясы өтті. Ауданның бір топ студенттері мен «Жасыл ел» бағдарламасының еңбек жасақтары қатысқан шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ж.Сейтжанов құттықтау сөз сөйлеп, жалынды жастардың игі істеріне сәттілік тіледі.
Аудан орталығында орналасқан «Шәміл-Дүр» жастар саябағында өткен акцияға білек сыбана іске кіріскен белсенді жастар темір қоршауларды сырлап, талдарды әктеп, арық-атыздарды қоқыстан тазартты.
Ауданның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет.
Қаймағы бұзылмас ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсеткен экологиялық акцияға қатысушы жастар, шара соңында түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздар марапатталды. Естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетейік, Президенттің бастамасымен қолға алынған «Бірге: Таза Қазақстан» атты экологиялық акция кеңінен таралып, жалпыреспубликалық ауқымды шараға айналды. Оған аймақтағы барлық еңбек ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері сондай-ақ студенттер мен оқушылар түгел тартылуда. Мұндағы мақсат - көрнекті орындар мен табиғи аумақтарды қоқыстан тазартып, қазақстандық қоғамда экологиялық мәдениетті арттыру.