Өзекті мәселелер шешімін тауып келеді
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Президенттің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес Қоғам ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, ауыл округіндегі өзекті мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесуде аудан басшысы бұған дейін басқосуларда тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен өзге де мәселелердің орындалу барысын баяндады. Естеріңізде болса сәуір, мамыр, маусым айларында барлық ауыл округтерінде кездесу жиыны өткізіліп, әрбір елді мекенде өзекті мәселелер айтылып, нәтижесінде аудан бойынша 95 мәселе көтерілген болатын. Тұрғындардың көпшілігінің басты мәселелері ауыз су, ағын су, жайылым жер мәселесі, табиғи газ, жол жөндеу, мектеп, балабақша, емхана, спорт және ойын алаңшаларын салу, интернет желісі, аяқжол, жарықтандыру, абаттандыру және тағы басқа мәселелер.
Соның ішінде, 2022 жылдың 3 мамыр күнгі Қоғам округі тұрғындарымен кездесу жиынында 13 мәселе көтерілген еді. Бүгінде аталған мәселелердің 3-еуі оң шешімін тапса, 1 мәселеге түсініктеме берілді, ал қалған 9 мәселе орындалу үстінде.
Есепті мерзімде Қоғам ауылындағы Ынтымақ көшесінің 1,1 шақырымына тас, Мыңшұңқыр елді мекеніндегі №2 көшеге асфальт төселсе, Талапты елді мекеніндегі Тәуелсіздік көшесінің бойына абаттандыру және жарықтандыру бағытында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Қоғам ауылындағы Ұ.Арғынбеков даңғылы бойының ауыл әкімшілігі мен Арыстанбаб кесенесі аралығында жаңа тұрғын үйлер алабын электрмен қамту желілерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілмек.
Кездесуде аудан әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берген тұрғындар бұдан өзге де мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Жиында көтерілген ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайтынын айтқан аудан басшысы жиыннан соң ауыл азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Мұнан кейін аудан әкімі кезекті кездесуін Қарғалы ауыл округінің тұрғындарымен өткізді. Кездесуде ауыл округінде атқарылатын жұмыстарды баяндап, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Бұған дейін 3 мамыр күні Қарғалы округі тұрғындарымен кездесу жиынында тұрғындар тарапынан 7 мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселелер аудан басшысының бақылауына алынып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Атап айтқанда, ауыл округіне қарасты Д.Алтынбеков каналының ПК194+42-ден ПК205-15 аралығындағы канал ұлтанын 47 см-ге төмендету бойынша жұмыс жобасы толық аяқталды. Мұнан бөлек, «Қызыл ту» насос станциясындағы 6 дана «СНП-500» маркалы электр насостары күрделі жөндеуден өткізіліп, қажеттілігіне қарай 4-данасы іске қосылған болатын. Орнатылған насостар арқылы Арыс өзенінен 1,8 м3/сек су шығарылып, егістік алқаптары суғарылуда. Бүгінгі таңда ауыл округі бойынша 40 га жүгері, 25 га бақша дақылдарына және елді мекендегі үй іргелік жерлерге ағын су жетпей отыр. Осыған орай, «Қызыл-Ту» насос станциясына тағыда қосымша 2 дана «СНП-500» маркалы насостар орнатылып, іске қосылды.
Сондай-ақ, Т.Ибрагимов көшесін асфальттау үшін сметалық құжаттары дайындалып (Ұзындығы 2,8 км, сметалық құны – 61,0 млн теңге), «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасына енгізілді. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралады деп күтілуде.
Кездесуде аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов алда атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті. Айта кету керек, Қарғалы ауылының газ құрылысы жыл соңына дейін жүргізіліп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл аудандық бюджет есебінен Қарғалы ауылындағы Бейбітшілік көшесіне, Отырар ауылының Әділет көшесіне тас жол төселетін болады.
Кездесу жиынында тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Жиын соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әлеуметтік көмек, жұмыссыздық, жайылымдық жер алу мәселелері бойынша өтініштерін тыңдады.
Аудан әкімі сондай-ақ Талапты ауыл округінің тұрғындарыменде кездесті. Бұған дейін Талапты округі тұрғындарымен өткен кездесу жиынында 6 мәселе көтеріліп, күн тәртібіне енгізілген болатын. Бүгінде аталған мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, Көкмардан тұрғындары ауыл маңында Арыс өзені жағасындағы қоршалған жайылымдық жердің қоршауы алынып, ашылса деген ұсынысын жеткізген болатын. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес Арыс жағасындағы жайылымдық жердің иесімен келісе отырып, қоршауы алынып, қазіргі таңда жайылымдық жер учаскесі ашылды.
Ағымдағы жылы Көкмардан ауылындағы Бірлік және Болашақ көшелеріне аудандық бюджет есебінен асфальт төселсе, ауыл округінің жергілікті төртінші бюджет қаражаты есебінен Шытты ауылындағы 2 көшеге тас жол төселді. Қазіргі таңда, Ынталы ауылындағы тұрғын үйлерге ішкі газ жүйесін тарту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 45 тұрғын үйге арнайы техникалық шарт алынып, монтаждау жұмыстары жасалып, 18 тұрғын үй табиғи газға қосылған. Сондай-ақ, Көкмардан, Шытты елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Талапты ауыл округі бойынша ағымдағы жылы 3580 га егіс егу жоспарланып, орындалуда. Биыл ауыл дихандары бірлесіп «Қазсушар» РМК-ның эксковаторымен «Көкмардан» каналының 3 шақырымы мен бас сағасынан 500 метр бөлігі механикалық тазалаудан өткізілді. Бұдан бөлек, КМ-1 каналының 5 шақырымы балдыр, қамыс, қоғадан тазартылды. Ағынсу тапшылығын жою үшін КМ-2 каналына «Берді», «Ратқұл» және «Комплекс» су айдайтын насостары қосылып, қазіргі таңда ағынсу тұрақты берілуде.
Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, кейбір мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, жайылымдық жер секілді мәселелер бойынша айтқан өтініштеріне заң аясында оң шешімін табуына қолдау көрсететінін жеткізді.