Отырарда газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту және ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның сапасын қалалық деңгейдегі стандартқа жақындатуды тапсырған болатын.
Президенттің тапсырмасы аясында Отырар ауданында бірқатар игі істер атқарылуда. Айталық ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары АГТС салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған болатын. Ауданның халқы асыға күткен газдандыру жұмыстарының құрылысы бүгінде қарқынды жүргізіліп келеді. 2018-2021 жылдар аралығында құрылыс жұмыстары басталған 21 нысанның қазіргі таңда 12 нысаны аяқталған.
Жақында аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов аймақтағы Арыс және Қарғалы елді мекендеріне барып ондағы газдандыру жұмыстарының барысымен танысты. Газ тарту құрылысын жүрігізіп жатқан жұмысшылармен кездесіп, жұмыстың сапалы жүргізілуіне мән беру керектігін ескертті.
Аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Құдайбергеновтің айтуынша Қарғалы елді мекеніндегі газ құбырын салу нысаны 2021 жылдан бастап мердігер мекеме «Жылуэнергоремонт» ЖШС тарапынан атқарылуда. Нысанды ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Жоба бойынша 17 шақырым жоғарғы және орта қысымды газ жүйелері тартылуы қажет. Қазіргі таңға дейін газ жүйесі жүргізіліп, келесі кезекте абоненттерге арналған газ жәшіктері мен жоба бойынша қаралған басқа да жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ Отырар ауыл округіне қарасты Арыс елді мекеніндегі газ құбырын салу нысаны 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Аталған елді мекенде 34,1 шақырым жоғарғы және орта қысымды газ жүйелері тартылады. Бүгінге дейін мердігер «JANA KZ QURYLYS» ЖШС тарапынан жер асты газ жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп біткен. Енді жер үсті газ жүйесін тарту жұмыстары және газ жәшіктерін орнату бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аралау барысында Жансұлтан Әділжанұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, газ жүйесі құбырларын орнату жұмыстары аяқталған елді мекендерде тұрғын үйлерге ішкі газ жүйесін тарту бойынша түсіндіру жұмыстарын қазірден бастап жүргізу керектігін атап өтті.