Отаршиев жалынды жастармен жүздесті
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен елімізде жастар саясатының негізі қаланды. Сол саясаттың жалғасы ретінде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та жастар мәселесіне айрықша басымдық беріп, үнемі назарда ұстап отырады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жастар саясатына қатысты бірқатар тапсырма берді. Соған сәйкес өңірлерде түрлі шаралар атқарылуда.
Кеше Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев «Болашаққа үміт- жастарға сенім» тақырыбында ауданның жалынды жастарымен ашық аспан астында еркін форматта кездесті. Олар, кәсіпке енді бет бұрғандар, спортшылар мен түрлі салада қызмет атқарып жүрген жастар.
Кездесу барысында бүгінгі күні еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар және жастар өзін-өзі қай салаларда белсенді дамытуы керектігі туралы, медиа саласы және олардың қазіргі қоғамдағы рөлі туралы, кәсіпкердің қажетті дағдылары және жастарға қазіргі таңда білімнің аса қажеттілігі жайында сөз болды.
Аудан әкімі әдеттегідей әкімдіктегі, не болмаса мәдени ошақтарында өтетін кездесудегідей емес, жастардың жанашыры ретінде болашақта жасалынбау керек қателіктерді, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және өз жолдарында кездескен қиындықтар туралы айта отырып, мотивациялық сипатта өтті. Сондай-ақ, қоршаған ортаны дұрыс таңдау, уақытты дұрыс басқару, яғни болашақта сені жаңа біліммен және табысты өмір құру үшін креативті шешімдермен қамтамасыз ететін нәрсеге өз уақытыңызды инвестициялау қажетілігі де айтылды.
Бейресми жиынға келген өскелең ұрпақ өкілдері де аудан басшысына толғандырған сұрақтарын ашық қойып, көкейлерінде жүрген ой-ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы жастардың бастамаларын қашанда қолдайтынын жеткізді. Кездесу соңында өнерлі жастар ән тарту етті.