Шардаралықтар таза су тұтынатын күн алыс емес
Шардаралықтар теңіздің емес жер асты суын ішетін күн алыс емес. Ол үшін арнайы жоба жасалып нақтыланған. Қаладағы жаңадан салынған мөлтекаудан тұрғындары да алдағы жылдары толықтай инфрақұрылыммен қамтылатын болады. Ішкі көшелер асфальтталып, көшеге жарықшамдар орнату жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.
Шардара қаласының тұрғындары әлі күнге теңіздің суын тұтынып келеді. Былтыр қаланы таза сумен қамту мақсатында аудандық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы қаралып, құжаттар рәсімделген. Орталықтан 43 шақырым жердегі қызылдың құмында орналасқан Тастанбек Тама құдығының суы ішуге жарамды екені дәлелденген. Енді оны қалаға жеткізу үшін тек мемлекеттік сараптама қорытындысы керек.
Теңіз жағасындағы қалада тозығы жеткен 46 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Енді 24–не қаржы қарастырылыпты. Оған қоса жағалаудан ашылған жаңа мөлтек аудандардағы көшелерге тас төсеу, асфалть салу көгілдір отын құбырларын тарту жұмыстары үшін де қыруар қаржы қаралған. Қала толықтай инфрақұрылыммен қамтылатын күн алыс емес, дейді басқармадағылар.
Тарихы теңізбен астасып жатқан шағалалы өңірде бұдан бөлек саябақтар мен демалыс орындары да көптеп салынып жатыр. Спорт алаңшалары тағы бар. Көгалдандыру мақсатында көше бойына отырғызылған жасыл жекетер мал жеп кетпеу үшін қоршалып, ерекше күтімге алынған. Газ құбыры тартылып жатқан көшелерді асфалттау жұмыстары кейінге шегерілген. Өйткені жаңа жол бұзылады. Сондықтан бірінші жер асты құбыры тартылып болған соң ғана жол төсейміз, дейді басқармадағылар.