Экобазарда азық-түлік арзан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында сала басшыларына азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында республикалық және өңірлік деңгейлерде шаралар қабылдануда. Осылайша, елімізде 1,3 млн тонна азық-түлік тауарларының қоры бар, бұл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
Бұдан басқа, бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлыққа жол бермеу үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдар дүкендердің сауда үстемесін сақтауы бойынша тұрақты тексерулер жүргізеді.
Осы ретте Түркістан қаласында баға тұрақтылығы сақталуда. Әсіресе шаһардағы экобазарда бақша өнімдері өзге базарлар мен дүкендерден әлдеқайда арзан. Мұны осында келген тұрғындардың өздері айтып отыр. Қымбатшылық қысқан заманда күнделікті тұтынатын картоп пен пияз , сәбіз және өзге де бақша дақылдары нарықтан екі есеге арзан болуы көңілге демеу. Мәселен пияз келісіне 65 теңге , картоп пен сәбіз 130теңгеден , қырыққабат 50 теңге, жүзім 250 теңгеден сатылып жатыр. бұл базарда тауарлардың арзан екенін тек Түркістан қаласы ғана емес көршілес жатқан ауылдардың тұрғындары да біледі. Кентауға қарасты Құшата, Сауран ауданына қарасты Шаға, Ынтымақ ауылының тұрғындарын осы базардан кездестірдік. Халық бірінен- бірі есітіп осында келіп жатыр.
Бұл бір күндік жәрмеңке емес. Мұнда күнделікті осы баға. Базар басшылығы сатушылар мен тұтынушылардың ыңғайына қарай барлық жағдайды жасауды мақсат тұтқан.
Қала әкімдігі бағаны тұрақтандыру үшін осындай шаралардың ауқымын көбейтіп жүйелі түрде жұмыс істейміз. Алдағы уақытта өзге де тауарларды көбейтіп бағаларын арзандатуға күш саламыз ,-дейді.
Алдағы уақытта әлеуметтік себетке кіретін өзге де тауарларды арзандату жоспарланған. Ол үшін қант және өсімдік майын сонымен қатар ұн өндіруші кәсіпорындармен келіссіз жүргізілуде -дейді жауапты мамандар.